Хабар телеарнасы

Елімізде орташа айлық 173 499 теңгені құрайды

Сәуірге қарағанда өсім тәуір. Ол айда орташа табыс көлемі 98 019 теңге болған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 8,1% төмен еді.

Өңірлерге келер болсақ, табысы тәуір облыстардың көшін Атырау бастады. Бұл аймақта орташа айлық – 322 700 теңге. Екінші орынға Маңғыстау облысы жайғасты. Бұл жақта бір еңбеккер айына 287 900 теңге табыс табады екен. Ал үздік үштікті еліміздің бас шаһары түйіндейді. Елордалықтардың орташа айлығы – 233 500 теңге.

Тағы бір өзекті мәселе – жұмыссыздық. Мамыр айындағы жұмыссыздық сәуірдегіге қарағанда еш өзгеріссіз. 4,8% деңгейінде қалды. Бұл жайлы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті мәлімдеді. Берілген ақпаратқа сай сәуір айындағы жұмыссыздардың саны – 442 100 адам. Мамыр айында жұмыспен қамту орталықтарына 169 900 адам тіркеліпті.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің баяндауынша, қаңтар мен мамыр айлары аралығында ЖІӨ көлемінің өсімі 4% құрады. Инвестицияның өсімі 7,8% жеткен. Салаларға бөлсек, ауыл шаруашылығы мен құрылыста инвестиция көлемі 1,5 есеге артқан. Ал өнеркәсіпте 17,5% өсіпті.

Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табысқа бастар 10 міндетті атап, бірінші халықтың табысы мен экономикалық өсімді арттыратынын мәлімдеді. «Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалады», – деді.