Хабар телеарнасы

Биыл – Нұрсұлтан Назарбаевтың жол басшылығына 30 жыл

Қазақстан тәуелсіздік жылдары әлемдік қауымдастыққа келісім мен татулықты ту еткен ел ретінде танылды. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, экономикасы мығым тұрақты даму жолына түсті. Егемендіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі татулық пен өзара түсіністікке айрықша мән берді. Ал жаһандық мәселелерде бітімгер басшы ретінде танылды. Керіскендерді келістірді. Алпауыт елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі салмақты саясаткер екенін мойындады. Оған қолқа салып, көмек сұраған кездері де болды. «Ол алысты болжайтын, көреген қайраткер», – дейді оның үзеңгілес әріптестері.

Осыдан бір апта бұрын Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің V саммиті өтті. Саммитке Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатыспаса да, оған қатысқан Азия лидерлерінің әрбірі біздің Елбасыға деген ерекше құрметін аңғартты, бірде бір лидер баяндамасында қазақтың Тұңғыш Президентінің есімін атамай өткен жоқ. Осыдан 27 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен құрылған келісімнің үлкен алаңынан көп ел келісіп аттанды.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

- Нұрсұлтан Назарбаев – біз бас қосқан ұйымның негізін қалаушы саясаткер. Ол алысқа болжайтын, алыстан көретін саяси көрегендігінің арқасында Азия елдерінің, жалпы тұтас әлемнің бейбіт өміріне, тұрақты дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер.

Қазақстан көптарапты сыртқы саясатын сауаттылықпен жүргізе келе беделді ұйымдардың мықты ойыншысына айналды. 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ның толық мүшелігіне өтті. Дәл осы жылдың күзінде, нақтыласақ 5 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ұйымның мәрмәр мінберінен алғаш рет сөз сөйледі. Бұл тарихи сәт болатын. Әлем Қазақстанның бейбітсүйгіш пейілін сол сәтте естіген, кейін талай бейбіт бастамасына куә болды.

Ал 2015 жылдың 28 қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөз сөйледі. Бұл күн Қазақстан үшін тарихи мәнге ие еді. Елбасы осы күні ана тіліміздің айбарын асырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- ХХІ ғасырда адамзаттың ең басты міндеті – әлемді соғыс қатерінен арылатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру.

Елбасымен етене таныс әлем саясаткерлері оның тапқырлығын, ұқыпты әрі әділ, жаңашыл адам екенін айтады. Қай елде не қай жерде болмасын, кіммен кездессе де Нұрсұлтан Назарбаевтың тың ойы мен қажетті бастамасы үлкен қолдау табады, құлақ асады. Аса үлкен байыптылықпен жүргізген Қазақстанның сыртқы саясатында шынымен шеңбер болған жоқ.

Кофи Аннан, БҰҰ Бас хатшысы (1997-2006 жж):

- Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбіршілігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны тараптау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты. Бұл мақсатқа 60 жыл бұрын құрылған БҰҰ қол жеткізуге тырысуда.

Ли Куан Ю, Сингапур Республикасының бірінші Премьер-Министрі (1959-1990 жж):

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы, шырайлы, талантты және табанды басшы. Нұрсұлтан Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады.

Маргарет Тэтчер, Ұлыбритания Премьер-Министрі (1979-1990 жж):

- Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамасын қолдаймын.

Қазақстан Пәкістан, Үндістан, Иран мен Сирия, Ресей мен Түркия төңірегіндегі жағдайдың шиеленісіп кетпеуіне күш салды. Көрші Ресей мен Украина қарым-қатынасының шешілуін шын тілейтін біреу болса, ол – Нұрсұлтан Назарбаев.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Нұрсұлтан Әбішұлы саясатқа ерте келген. Ол – сонау кеңестік кезеңдегі биліктің өкілі. Мені таңғалдыратыны – ерте уақыттан бері саясатта жүргенімен, ол – өте жаңашыл адам. Мен күні бүгінге дейін оның осы жаңашылдығына қайран қаламын. Жақында Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа қасиетін таныдым. Ол даулы, шешімі қиын жағдайларда сентименталды адам бола алады. Ол – ұқыпты әрі әділ басшы. Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи тұлға.

Сириядағы сергелдеңді шешуге Қазақстанның бас қаласынан алаң ұсынған да Елбасы болатын. Қазір сарапшылар астана форматының жемісті болғанын айтады. Бұл – терроризмге қарсы күрес жүргізу, деэскалация аймақтарын құру. Ұрыс қимылдарын тоқтату режимі зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.

Пан Ги Мун, БҰҰ 8-ші Бас хатшысы:

- Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті басқарған кезде өз елімен қатар бүкіл елдегі бейбітшілік пен дамуды ілгерілетті. Әлемдегі ең ұлы көшбасшылар қатарына енгені анық. Аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік жөнінде және өзге де жаһандық мәселелер бойынша маған кеңес қажет болғанда үнемі онымен ақылдасып жүретінмін. Өкілеттігін тоқтатқанына қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы мен аймақ тұрғындарын бұрынғыдай жігерлендіріп тұратынына сенімдімін.

Қазақстан Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында тарихи ауқымы бар басқа миссияларды да іске асырды. Қазақстанның ЕҚЫҰ, БҰҰ-да төрағалық етуі, елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер съездерінің өтуі, ЕАЭО құрылуы һәм оның жемісті жұмыс істеуі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және оған сенген, соңынан ерген халқының үлкен жеңісі. Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер мен сарапшылар пікірі осындай. Биыл – Қазақстан атты алып кемені саясат теңізінің қайраңында қалдырмай, тұңғиығына батырмай, тұнығына бастап келе жатқан кемеңгердің жол басшылығына 30 жыл.

Авторы: Гүлжан Марқабаева