Хабар телеарнасы

Ақтөбеде жанармай станцияларында тұтынушылар саны күрт өскен

Тіпті әлеуметтік желілер бетінде «Қазақстанда жанармай құны арзан» деген бейнетаспа да тарап үлгерді.

Жайсаң шекара бекеті маңында жанармай станциясының ашылғанына Орынбор облысының тұрғындары мейілінше разы болған. Бір айдан астам уақыт аралығында көрші елдегі автокөлік иелері бұл бағыттағы жолды жаттап алыпты. Аптасына бірнеше рет келіп, автокөлік багін толтырып әкетіп жатады.

Сергей Каргин, Ресей тұрғыны:

- Мұнда бензин бағасы шамамен екі есе арзан. Мәселен, Ресейде литрі 50 рубль болса, сізде 25 рубль. Газ бағасы бізде 25 рубль, ал Қазақстанда литрін 10 рубльге аламыз. Жанармай станциясының желісі бір болғанымен, бағаларында осындай айырмашылық болуы таңғалдырады.

Жүк көлігі иелері де негізінен қазақстандық жанармайды қолдануға тырысады. «Сапасында айтарлықтай айырмашылық жоқ», – дейді. Кезекте тұрған көліктің барлығы да шекара бекетінен аспай тұрып, бензин құйып алғандығын жеткізді.

Қайрат Райымбердиев, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Қазір міне толтырып қойдым. Енді сонымен Ресейге кіріп, кейін қайтып шығамыз. Ол жақтан құймаймын, қымбат.

Ақтөбе облысына ҚР Энергетика министрлігі тарапынан бір айға шамамен 11 311 тонна АИ-92 маркалы бензин бөлінеді және 13 500 тонна дизель отыны бар. Шенеуніктердің айтуынша, жанармай қоры жергілікті тұтынушыларға да транзиттік көліктерге де жеткілікті.

Майя Бименова, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

- Жанармай станцияларынан тек тұтынушылар ғана сатып ала алады. Көліктерін толтырып алуға ғана рұқсат бар. Сондықтан тек шекаралас орналасқан елді мекен тұрғындары келеді.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы мамандарының ақпаратына сәйкес сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензин де, дизель отыны мен сұйытылған газ құны да көрші мемлекеттің іргелес орналасқан облысымен салыстырғанда шамамен 100 теңгеге арзан. Ақтөбелік сарапшы бұл жайтты еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты түрде жұмыс істеуімен байланыстырды.

Халел Құсайынов, экономика ғылымдарының докторы:

- Қазақстандық зауыттар ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Тауар сапасы да тұтынушылардың талабына сай және еліміздегі жанармай қоры да қомақты. ҚР Энергетика министрлігі тіпті экспорт көлемін арттыруға мүмкіндіктің барын мәлімдеген болатын. Жанармай құнының шарықтап кетпеуінің себебі де осы.

Сарапшының болжамы бойынша, бензин бағасындағы айырмашылық алдағы 1-2 жылда сақталуы тиіс. Сондықтан Ресейден келушілер қатары арта түседі деп отыр.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Шекарадан асып, жанармай құям деушілер үшін тек бір ғана кедергі бар. Ол мына бірнеше шақырымға созылған автокөлік кептелісі. жүргізушілердің сөзіне қарағанда Ресей жақ беттегі шекара пунктінің өткізу мүмкіндігі өте төмен, сондықтан осындай жағдайға тап болып тұр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков