Хабар телеарнасы

Қуыршақ театрының актері Досымхан Бейсенбаев өнері мен мансабын елордада ұштастырған

Әрине, бас шаһар – іскер адамдардың қаласы. Ол талай өнерпазға шабыт сыйлаған, нағыз өнер ордасына айналды. Талай талантқа қанат бітірді, талай өнерпаздың қабілетін ұштады. Солардың бірі елордадағы қуыршақ театрының актері – Досымхан Бейсенбаев.

Қаңбақ шал, қорқынышты қасқыр, мейірімді қонжық. Ол күн сайын сан түрлі кейіпкердің ролін сомдайды, ол сағат сайын сан түрлі қуыршаққа жан бітіреді, оның үні сәт сайын құбылады. Сол арқылы елорданың кішкентай тұрғындарына көңілді әлем сыйлайды. 25 жылдық тәжірибесі бар қуыршақ театрының актері, мәдениет қайраткері Досымхан Бейсенбаев осымен 12 жыл өмірі мен өнері елордада ұштасты.

Досымхан Бейсенбаев, ҚР Мәдениет қайраткері:

- Алматыда жүргенде 2006-2007 жылдары елордада қуыршақ театры ашылады деген хабар келді. Әлі есімде. 2007 жылы 28 сәуірде бір түннің ішінде Алматыдан астанаға көшіп келдім. Ешқандай өкпем жоқ. 1 жыл 3 айдан соң үш бөлмелі пәтер берді. Қазір көпбалалы отбасымыз.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Елордадағы қуыршақтар театрының реквизиттер бөлмесі. Қанша қуыршақ барын ешкім дөп басып айта алмайды, бірақ мұндағы қуыршақтың әрбірінің өз мінезі мен тағдыры бар. Мысалы мынау «Ормандар оқиғасындағы» қонжықты сөйлету үшін актер аз тер төкпейді. Оның үстіне қазіргі балаларды сендіру оңай жұмыс емес.

Театр – тазалық әлемі. Ал мына жерге кішкентай көрермендер жиналғанда шағын зал шынайы әлемге айналады. Мұнда 30-ға жуық актер бар. Қуыршаққа жан бітіру оңай жұмыс емес. Мына перденің ар жағында үлкен адамдардың үлкен еңбегі жатыр.

Досымхан Бейсенбаев, ҚР Мәдениет қайраткері:

- Көбісі қуыршақ өнері оңай деп ойлайды. «Келдің, қуыршақты ойнаттың» деп. Негізі әрбірін ойнату үрдісі бар.

Досымхан Бейсенбаевтың 4 баласы осы елордада дүниеге келді және олардың Нұр-Сұлтанда өсіп-өнгенін қалайды. Әке жолын қуар-қумас. Дегенмен Досымхан күн сайын таңсәріден театрға келеді. Оның міндеті, бәлкім мақсаты – кішкентай тұрғындар үшін елорданы ертегілер мекеніне айналдыру.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Аманжол Байғазин