Сюжеттер

Елордалықтар мен шаһар қонақтары көшеде масаның көбейгендігіне шағымданып жатыр

Елордалықтар мен шаһар қонақтары көшеде масаның көбейгендігіне шағымданып жатыр

Қансорғыштардың кесірінен бала-шағамен серуендеуден қалған тұрғындар әлеуметтік желіде өз уәжін айтып, жазбалар жариялап жатыр.

Масаның көбеюіне не себеп болды?

Маса келіп, маза кетті. Бас қала тұрғындары соңғы күндері мұны жиі айтып жүр. Мереке күндері серуенге шыққан елордалықтар мен шаһар қонақтары зиянды жәндік кесірінен әлекке түсіп, шағымдарын білдіруде.

Блиц:

- Паркке әдейі күндіз келдік. Өйткені кешке қарай жүру қолайсыз. Маса көп.

- Барлық жерімді масалар шағып тастады. Анамызбен қыдыруға келгенбіз. Масалар өте көп.

- Шаққан жерді ісіріп жібереді. Осы жақта тұратындарда аллергия болады. Біз оңтүстіктен келгеннен кейін үйреніп қалғанбыз. Бірақ біздің масаларымыз кішкентай.

- Терезені ашсақ, маса кіреді. Жел болса да жүре береді. Оның үстіне үлкен.

Бұған қатысты мамандардың өз уәжі бар. «Маса мен шіркейдің көбеюіне ауа райы себеп», – дейді олар. Күн құрғатпай жауатын жаңбыр химиялық дәріні шайып кететін көрінеді.

Сәдуақас Байғабылов, Тауарлар мен қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Жауын-шашын кезінде улау жұмыстары жүргізілмейді. Ал маусым айында 30 күннің 13-інде жауын жауды. Ылғалдылық деңгейі артты. Ал бұл маса үшін өте қолайлы орта қалыптастырады. Жауын-шашынсыз уақыттың аралығы небәрі 2-3 күнді құрады. Осы 2-3 күннің ішінде улау жұмыстары жүргізілді. Жауынды күндері масаға қарсы улау жұмыстары жүргізілмейді. Себебі жаңбыр суы шашқан дәріні шайып кетіп, оның ешқандай әсері болмайды.

Дегенмен алдағы күндері күн ыстық болатындықтан, қазір шыбын-шіркеймен күрес белсенді жүріп жатыр. «Бірнеше кезеңнен тұратын дезинсекциялауда алдымен шөп қырқылып, кейін қоспалар шашылады. Сондықтан терезенің алдынан генератордың дауысын естігенде таңғалмаңыз», – дейді департаменттегілер. Ал еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қаладағы масалар мазаны алғанымен, зардабы жоқ.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

- Біздің масалар ауру жұқтырмайды. Көп болса, аллергия туғызуы мүмкін. Ал тропикалық елдерде безгектер мен қызбалардың көбі осы масалардан жұғып жатады. Сондықтан шетелге барған кезде орналасқан үйіңіздің терезесінде шыбын-шіркейге қарсы тор құрылғанына көз жеткізу қажет. Сыртқа шыққан кезде ашық түсті киім киген дұрыс. Ондай киімнен денеге қандай жәндік қонғанын бірден аңғаруға болады.

Мәселеге құлақ асқан елорда әкімі Алтай Көлгінов масаны улау жұмыстарын уақытында қолға алмағандар жазаланатынын айтты. Биыл масаны улау үшін жергілікті бюджеттен 170 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда оның 70% жұмсалған. «Қажет болған жағдайда қосымша қаржы бөлінеді», – дейді әкімдіктегілер.

Авторлары: Меруерт Жақан, Ғазиза Мұхамеджанова, Мейрамбек Ақмаханов