Хабар телеарнасы

Елордада жұмысқа орналасудың қандай жолдары бар?

Оның 60% жуығының табысы 100 мың теңгеден асады. Десе де, ұсыныс екі қолға бір күрек таппай жүргендердің санын кемітпей отыр. 3700 адам жұмыссыз ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады. Елордада еңбек етемін деушіге қандай мүмкіндік бар?

Бұл мекемеге келушілер үзілмейді. Көбі – жұмыс іздеп жүргендер. Жұмыспен қамту орталығы азаматқа талап қоймайтын жалғыз ұйым шығар. Жеке куәлік, болса диплом. Ол да шарт емес. Бастысы жұмыс істеймін деген пейіл болса болғаны.

Қаламқас Қойшыманова, Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Жұмыспен қамту орталығында 3700 азамат бүгінгі таңда тіркеуде тұр. Қазіргі уақытта 7700 бос жұмыс орны бар деп жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ұсынып тұрмыз. Ешқандай талап жоқ. Жұмыс іздеп жүрген әр азамат осы орталыққа келіп, жұмыссыз ретінде тіркеліп, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алуына болады.

Күн сайын жүздеген адам орталықтың тіркеуіне тұратын көрінеді. Сонда да, жұмыс іздеушісінен екі есе көп. Кезек күткендердің арасында қара жұмыс іздегендерден бастап, магистрлік дәрежесі бар дара мамандар да кездеседі. Медет есімді азамат – әлеуметтік педагогиканың магистрі.

Медет Сәбит, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Бұған дейінгі салалар менеджерлік басқару бойынша, сауда саласында болды. Қазір енді магистрлік дәрежем болғандықтан, осы Жұмыспен қамту орталығына келдім.

«Жастар практикасы» жобасы жоғары білімі бар, бірақ тәжірибесі жоқ талапкерлерге арналған. Орталыққа тіркеліп, үлкен кәсіпорын, мекемелерден тәжірибеден өтеді. Өзін жақсы қырынан танытып жатса, әрі қарай жұмысқа қабылданады деген келісім бар. Тәжірибе аяқталғанша жас маман Жұмыспен қамту орталығынан жәрдемақы алып отырады. Бұл – университеттен енді түлеп ұшқан жастарға жұмысқа орналасудың бір жолы.

Жанат Асанбаева 43 жасында партаға қайта отырды. Бұған дейін арнайы мамандық алмаған ол Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен наубайханашыға оқып жатыр.

Жанат Асанбаева, наубайшы курсына қатысушы:

- Алдағы жоспарым – өзімнің жеке кәсібімді ашу. Бұған дейін асханаларда жұмыс істедім. Ештен кеш жақсы ғой. «Оқып ал» деп күйеуім кеңес берді.

Орталықпен келісімге отырған колледждің жасы ең үлкен түлегі 55-те екен. Қазір елордалық дәмханалардың бірінде аспазшы болып жұмысқа орналасыпты. Білім ордасында тігінші, наубайханашы, кондитер және аспазшы сынды қоғамға қажетті мамандықтар бойынша 87 адам қайта оқып жатыр.

Нұржанат Нұржауова, Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі директорының орынбасары:

- Екі азаматымыз келді. Жастары 55-тен асып кеткен. Олар осы жастарына қарамастан, әрі қарай өздерін дамытып, оқытып, басқа мамандық аламыз деп көздеп келген азаматтар. Ең кіші жасқа тоқтала кететін болсақ, 23-25 жастағы үйде отырған жас келіншектер. Олар оқу бітіргеннен кейін өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеу мақсатында келген.

Жұмыспен қамту орталығы ұсынған 7700 жұмыс орнының 58% немесе 4500-інің жалақысы 100 мың теңгеден асатын көрінеді. «Жұмыс бар, бірақ кез келген жұмысқа кірісе кетер кісі таппаймыз», – дейді мамандар.

Қаламқас Қойшыманова, Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Көбісі алыстау немесе жұмыс тәртібі келмейді, не көңілі толмайды, кейбірін еңбек ақысы көлемі көншітпейді.

Ол аз болса, сыртта бейресми жұмыс істеп, құжатта жұмыссыздардың қатарында жүре беріп, мемлекеттен жәрдем алғысы келетін пысықайлар да бар екен. Олармен құзырлы органдар айналысады. Ал Жұмыспен қамту орталығы талапшыл жұмыскердің көңіліне жағатын қызмет тапқанша ізденеді.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Айдос Меделбеков