Хабар телеарнасы

Әлжуаз топтың несие жүктемесін азайту күзде басталады

Мұндай көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетіледі деген болжам бар. Дегенмен бұл – бір реттік қана акция. Оны кеше Үкімет отырысында Мемлекет басшысы еске салды. Өйткені несиені кешіре беру, біріншіден нарықтық экономика заңына қайшы, екіншіден бюджетке ауыртпалық түсіреді.

Мемлекеттің несиелік ауыртпалықты жеңілдету туралы шешімі ең әуелі көпбалалы, асыраушысынан айырылған, мүгедек балалары бар отбасыларға арналған. Сондай-ақ 29 жасқа толмаған жетім балалар да осы жобаның игілігін көре алады. Олардың несиелері түгелімен немесе ішінара кешіріледі. Екі жағдайда да мемлекет есебінен өтелетін қарыздың көлемі – 300 мың теңге.

Вячеслав Додонов, экономист:

- Тағы бір шарты: жалпы берешегі 3 млн тг-ден аспауы қажет. Демек, қымбат бұйымдар, автомобиль сатып алу үшін ресімделген кредиттерді қамтымайды. Бұл – амалдың жоқтығынан алынған несиелерге қатысты, сонымен бірге қоғамның әлжуаз топтарына ғана арналған бағдарлама.

Жағдайы төмен азаматтардың банк және микроқаржылық ұйым алдындағы қарызын өтеу үшін 105 млрд тг бөлінеді. Оның 17 млрд-ы – проблемалық несиелер қорының облигацияларын сатудан түсетін қаражат. Ал басым бөлігі республикалық бюджеттен алынады.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Өкіметтің дамытуға тиісті басқа да салалары бар. Мәселен, жол, мектеп, аурухана салу керек дегендей. Туризмді дамытамыз деп отырмыз. Алға қойған мақсаттар өте көп. Соған байланысты бұл шара осымен шегерілу керек.

Банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азамат үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы кешіріледі. Бұл қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Қазір банкте ақша аз емес. Ақша бар. Мәселе жауапты әрі тиімді пайдалануда. Соған байланысты олар да төмендету керек. Пайызын төмендететін болса, халыққа қайтару жеңіл болады.

Осы аптада «несиесі кешіріледі» деген азаматтардың мәліметтер базасы толығымен аяқталады. Ал айдың соңына қарай екінші деңгейлі банктер, шағын қаржы ұйымдары және Проблемалық несиелер қорымен алдын ала келісімшарттар бекітіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жакупов