Хабар телеарнасы

Қауіпсіздік сертификаты не үшін қажет және оны орнату міндетті ме?

«Егер оны орнатпасаңыз, ғаламтор желісін пайдалану қиындай түседі», – делінген хатта.

Халықтың үрейін мамандар да растап отыр. «Егер қауіпсіздік сертификатын орнатсаңыз, арнайы қызмет өкілдерінің мүмкіншіліктері кеңейіп, әр азаматтың жеке ақпараттарына қол жетуі жеңілдей түседі», – дейді Кибер шабуылдарды талдау және зерттеу орталығының директоры Арман Әбдірасилов.

Арман Әбдірасилов, Кибер шабуылдарды талдау және зерттеу орталығының директоры:

- Жедел шаралар қабылдаған кезде, ақпараттарға қол жеткізу керек кезде біздің арнайы қызметтердің техникалық мүмкіндіктері жоқ. Сол мүмкіндікті кеңейту үшін ұлттық сертификат енгізіп жатыр. Оны орнату арқылы біз дер кезінде арнайы қызметке, жеке ақпараттарымызға қол жеткізуге рұқсатымызды береміз.

Байланыс операторлары жіберген sms-хабарламада интернетке шығу мүмкіндігі бар барлық құрылғыға қауіпсіздік сертификатын орнату ұсынылған. Бұл елдегі байланыс жөніндегі заңның 26-шы бабы аясында жүзеге асырылып жатыр. «Операторлар арқылы барлық қолданушының ақпараттары қорғалған», – дейді.

Александр Бендзь, байланыс операторының өкілі:

- Қазақстанда тұлғалардың жеке ақпараттарын қорғау туралы заң бар. Барлығымыз осы заң аясында жұмыс істейміз. Байланыс операторлары да азаматтардың жеке ақпараттарын қорғайды. Оған қол жеткізу өте қиын.

Ұялы телефондарға келген хабарламаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов түсіндіріп берді. Ведомство өкілінің айтуынша, қауіпсіздік сертификаты интернет пайдаланушыларды күмәнді сайттарға кіруден қорғайды. Бұл норма 2015 жылы байланыс туралы заңға енгізілген екен. Енді операторлар қауіпсіздік сертификатын орнату туралы хабарламалар тарата бастапты.

Абылайхан Оспанов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Қауіпсіздік сертификатын орнатуды немесе орнатпауды азаматтың өзі таңдайды. Ешқандай да мәжбүрлеу жоқ. Егер азаматтар қауіпсіздік сертификатын орнатса, онда оның жеке ақпараттары қорғалады. Қазір хакерлік шабуылдар аясында сізді бір сайттан екінші сайтқа жіберіп отырады. Осы кезде жеке ақпараттарыңыз, тіпті төлем карталарының кодтары басқа біреуге өтіп кетуі мүмкін.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл – тек елордада ғана жүріп жатқан пилоттық жоба. Тиімділігі болса, бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылады. Әзірге ол уақыттың еншісінде.

Авторлары: Риат Шони, Аян Сәрсенбаев, Айдос Меделбек, Сұлтан Қалдыбек