Хабар телеарнасы

«Topjarǵan» музыкалық шоуы «Хабар» телеарнасынан қазан айында көрсетіледі

Қазір бағдарлама түсірілу үстінде. «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін жобада бұл жолы 70 қатысушы бақ сынайтын болады.

Былтыр музыкалық бағдарламада көп ішінен жарқ етіп, топ жарып шыққан Ақмарал Мамай секілді жеңімпаз атануға үміткерлер биыл әлдеқайда көп келген. Елімізде бұған дейін болмаған халықаралық деңгейдегі «Topjarǵan» музыкалық шоуының екінші кезеңіне қатысушыларды іріктеу оңай болмапты.

Нұргүл Есенгелді, «Topjarǵan» халықаралық музыкалық шоуының редакторы:

- Іріктеу кезеңі өте қиын өтті. Өйткені бұл жобаның ерекшелігі – тек кәсіби әншілердің бір-бірімен сайысуы. Сондықтан іріктеу кезеңінде де, қазіргі кезде де қазылар алқасы үшін ең мықтыны таңдау қиындық туғызуда. Себебі әрқайсысының ерекшелігі бар.

Музыкалық шоудың биылғы маусымының бір ерекшелігі, алыс-жақын шетелдерден де жобаға қатысуға келгендер көп. Қырғызстан, Ресей, Грузия, Испания, тіпті кубалық азамат та «Topjarǵan» шоуында бағын сынап көрмекші.

Хавьер Ромеро, қатысушы:

- Мен бұл жобада Кубада әнді қалай айтатынын көрсетіп, жұртшылықты таңғалдырғым келеді. Таланттың шегі жоқ қой, бар күш-жігерімді салып дайындалып жүрмін.

Кубалық Хавьер қазақ әншісінің «Қызыл өрігін» де үйреніп алыпты.

Екінші кезеңге іріктеу барысында қазылар алқасы бір күнде 150 әншіні қабылдаған кездері де болыпты. Шоуда 70 қатысушы бағын сынайды. «Topjarǵan» – жұлдыз атануға лайықты төрт қатысушы бірден анықталатын жалғыз музыкалық шоу. Әр бағдарлама сайын сол төрт финалисті жаңа 6-7 әнші жекпе-жекке шақырып, басып озуға тырысатын болады.

Айнұр Әбдиева, қатысушы:

- Бұл конкурстың мен үшін пайдасы көп болатынына сенемін. Жеңіске жетемін деген үміттемін.

Айдын Жұмабаев, қатысушы:

- Бақ шаба ма, бап шаба ма? Оны көреміз енді. Дауысымыз қалай ашылады, асығымыз қалай түссе, солай болады.

«Topjarǵan» халықаралық музыкалық шоуының барлық бөлімін «Хабар» телеарнасы қазанның басында көрсетеді. Ал конкурс жеңімпазы жаңа жылдың алдында белгілі болады. Топ жарып жүйрік шыққан жан ән жазып, оған клип түсіру мүмкіндігіне ие болады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Сұлтан Қалдыбеков

Жарнама орналастыру жөніндегі сауалдар бойынша байланыс телефон нөмірлері: 8/7172/ 757 554, 757 556