Хабар телеарнасы

ҚР Премьер-Министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

Бұл туралы Премьер-Министрдің Қостанай облысында шетелдік инвесторлармен кездесуінде айтылды. Асқар Мамин Тобыл өңірінде бірқатар өндіріс орындарын аралап, аймақтың дамуымен танысты. Қазір индустриялық аймақта құны 350 млрд теңге болатын 14 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

ҚР Премьер-Министрінің Қостанай облысына сапары өндіріс орындарын аралаудан басталды. Оның ішінде индустриалдық аймақта орналасқан кәсіпорындардың тірлігіне баса назар аударды. Бұл аймақта 350 млрд теңгеге бағаланатын 14 жобаны жүзеге асыру межеленіп отыр. Соның бірі трактор зауыты өткен жылы іске қосылды. Сырттан тартылған инвестицияның арқасында биыл мұнда тағы бір кәсіпорын ашылады. Қостанай автозауытында шетелдік бизнес өкілдерімен болған кездесуде саланы одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Инвесторлар оған дайын екендіктерін білдірді.

Ву И, автокөлік өндірісі компаниясының бас директоры:

- Қостанайда автокөлік бөлшектерін шығаратын зауыт салынады. Бұл бірінші кезекте өндірістің қазақстандық үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жақын шетелдерге экспортты кеңейтуге жол ашады.

Ресейлік инвесторлардың да жоспарлары ауқымды. Олардың Қазақстанда жүк көліктерінің бөлшектерін шығаратын бір емес екі зауыт салсақ деген ойлары бар. Жоба құны 300 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс орындарының ашылуымен мыңға тарта жұмыс орны пайда болады.

Сергей Когогин, автокөлік өндірісі компаниясының басқарма басшысы:

- Құю зауытын жобалауға кірістік. Сондай-ақ инженирингтік компаниямен редукторлар зауытын жобалауға қатысты келіссөздер аяқталуға таяу. 2022 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан аумағында екі кәсіпорынды да іске қосу мақсаты тұр.

Ауылшаруашылық техникаларын шығарушылар да өздерінің алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сергей Серебряков, трактор зауытының директоры:

- Біз қосымша жұмыс орындарын ашып, кепілді және сервисті қызметті жаңа денгейге көтереміз. Өнеркәсіпті дамыту мақсатында нақты бір бағыттар бойынша технологиялық оқу курстарын ұйымдастырамыз. Сосын тракторларды Қазақстанда құрастыра бастаймыз.

Ауылшараушылық техникаларының өндірісі ерекше маңызға ие. Себебі еліміздегі техника паркінің тозығы жеткен. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тракторлардың 65% 20 жылға жуық қолданыста жүр. Премьер-Министрдің кезекті ат басын тіреген өндірістік нысаны – Рудный сүт зауыты. Үш жылдың ішінде бұл кәсіпорын толық қуатына кірді. Қазір жылына 23 мың тонна сүт өнімдерін шығарады.

Александр Лигай, сүт зауытының директоры:

- Біз жалпы көлемнің 10% бүгінде Ресейге экспорттап отырмыз. Челябі, Екатеринбург, Уфа сияқты ірі мегаполистерге жібереміз.

Бүгінде зауыт сүт өнімдерінің 70 түрін шығарады. Алдағы уақытта бірқатар желілер одан әрі кеңейтілетін болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг