Хабар телеарнасы

Отандық ұстаздардың жалақысы екі есеге өседі

Бұдан бөлек еліміздегі білім беру саласын үлкен жаңашылдықтар күтіп тұр. Білім берудің мазмұны мен әдісі, ұстазға қойылатын талап пен біліктілік өлшемі, тіл меңгерудің тәртібі түбегейлі өзгереді. Жиында педагог мәртебесі, ғылымды қаржыландыру, орта және мектепке дейінгі білім берудің жаңа стратегиясын әзірлеу сияқты мәселелер талқыланды. Ұстаздар бұл жиын бұрынғы жиындардан өзгеше болғанын айтады. Себебі Мемлекет басшысы білім саласындағы өткір мәселелерді бүкпесіз ашық жеткізді.

Мұғалімнің мәртебесін көтеріп, табысын арттыру. Президент ұстаздардың конференциясына қатысатыны белгілі болғаннан көптің күткен басты жаңалығы осы болды. Ұстаздардың ұлтты тәрбиелеудегі ауыр жүгін ескеріп, Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті пәрмен берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Поручаю Правительству в целях привлечения квалифицированных кадров в систему образования увеличить заработную плату учителей в 2 раза в течение четырех лет. Полагаю, что принятие Закона и указанных мер приведет к существенным изменениям в жизни учителей.

Сынып жетекшілігі мен магистрлік білімі үшін ұстаздарға екі есе ақы төленіп, демалысы 56 күнге дейін ұзарады. Бұл конференция ұстаздар мен билік арасында ашық диалогтың орнауымен де ерекше болды. Ұстаздар мен ғалымдар өздеріне қатысты түйткілді мәселелерді Президент алдында ашық айтты. Президент проблемаларды жақсы біледі, түсінеді. Министрліктің салалық жиынына жеке қатысуының сыры да осында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті.

Білім беру тал бесіктен басталуы тиіс. Президент ауқымды жұмысты мектепке дейінгі мекемелерден бастауды тапсырды. Арнайы заң қабылдап, жекеменшік балабақшаларды тәртіпке келтіру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Воспитатели не всегда руководствуются требованиями государственного общеобязательного стандарта. Из материалов СМИ мы часто узнаем о вопиющих случаях избиения детей, их содержании в ненадлежащих условиях. Поручаю правительству принять все необходимые меры, включая законодательные, для обеспечения высокого качества дошкольного обучения и воспитания. Считайте, что это приоритетная задача.

«Ендігі жерде экономиканың драйвері тауар саудасы емес, интеллектуалдық өнім болады», – деді Президент. Оқыту ойын формасында, жаңа технологияларды қолданып берілуі тиіс. Көштен қалмау үшін әлем елдері тәрізді 6 жастан сауат ашып, 12 жылдыққа жылдам кірісу керек. Бұл реформаларды қолға алатын – мемлекет, ал орындаушысы – педагогтер. Білімді ұрпақты тек білікті ұстаз ғана тәрбиелей алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтердің нақты қажеттіліктерінің есепке алынбайтыны. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту ҚР Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымдары өткізетін курстармен және семинарлармен шектеледі.

Ұстаздардың біліктілігін тексеретін бюрократиялық аттестацияны да доғармақ керек. «Бұл мұғалімнің мәртебесін түсіріп, мамандықтан бездіргеннен басқа нәтиже бермейді», – деді Президент. Адам санын көбейту үшін ұстаздарды қызметіне түк қатысы жоқ іс-шараларға жұмылдыруды тоқтату да қатаң тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Не прекращается порочная практика, когда местные акиматы зачастую злоупотребляют своими полномочиями, задействуя преподавателей в административных целях, разного рода мероприятиях, не имеющих никакого отношения к системе образования. Поручаю Правительству принять срочные, кардинальные меры по решению указанных проблем.

Мұғалімнің мәртебесін көтеріп алсақ, шешім күттірмейтін одан да зор мәселе бар. Мемлекет басшысы оны «баяу бомба» деп сипаттады. Тегін деп, білім мекемелері экономикаға қажеті мамандарды қаптатып жатыр. Жақын арада мемлекеттік гранттарды бөлу де, оның нарықтық құны да қайта қаралуы тиіс.

Саясат Нұрбек, «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының жетекшісі:

- Біз «Жаңа мамандықтар атласы» деген үлкен жоба бастап жатырмыз. Еңбек нарығы қалай өзгереді? Қандай жаңа мамандықтар пайда болады? Осы сұрақтарды айқындап, дайындықты соған сәйкес жасауымыз керек. Бізде өкінішке қарай, білім беру экономикалық нарықтың сұранысымен ұштастырылмаған, үйлеспеушілік бар.

Келер жылға дейін 9 сала бойынша жоғалу қаупі бар 100-ден астам мамандық анықталып, кәсіби стандарттар өзгереді не мүлдем жойылады. Сарапшылар: «Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі оқу бағдарламасын өзі әзірлеп, сапасын да өзі тексеру арқылы тиімділікті төмендетіп алды», – деген пікірде. Жалпы білім беру саласы елімізде ең көп реформаны бастан кешірген сала екен. «Сондықтан әр қадамды байыппен, баппен жасау керек», – деді Президент. Үш тілде бала оқыту білім ордасының мүмкіндігіне сәйкес жүргізілуі тиіс. Бәріне бірдей деген мәжбүрлікке жол жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», – деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- 2019 жылдың тамыз конференциясын Қазақстанның білім беру саласының түбегейлі өзгерістерге бет бұрған күні деп есептеуге болады. Бұл күн Мемлекет басшысының балаларды оқыту тәсілін ғана өзгертіп қоймай, ұстаз деген ұлағатты жандардарға ұлт тәрбиелеушісі деген биік мәртебесін қайтарып берген күн болып есте қалды.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Азамат Сәметов