Хабар телеарнасы

Ирак Елекеев

Ирак Елекеев

Атырау қаласы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин ауылында дүниеге келген. Заңгер-құқықтанушы, ҚР еңбек сіңірген заңгері, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Құқықтану» факультетін аяқтаған.

Заң саласындағы қызметін 1977 жылы Маңғышлақ аудандық сот мүшесі ретінде бастаған. 1980 жылы – Маңғыстау облысы әділет бөлімі басшысының орынбасары, 1988 жылы Гурьев облысының Әділет комитетінің басшысы болды. 1995 жылдан бастап ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты. 1999 жылы - ҚР Парламент Мәжіліс Аппаратының төрағасы. 2002 жылы – ҚР Әділет министрлігінің вице-министрі. 2003 жылдан ҚР Мәжіліс Парламенті төрағасының кеңесшісі.  2004 жылы ҚР Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілдендіру комитеті төрағасының орынбасары. 2008 жылдың қаңтарынан бастап  ҚР Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілдендіру комитеті төрағасы. 2009-2011 жылдар аралығында ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты.

«Құрмет» орденімен, «Ерең еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ССРО Әділет министрлігінің «Жұмыстағы жетістігі» төсбелгісімен, «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» құрмет белгісімен марапатталған. Ирак Елекеевке Халықаралық сот қызметкерлер одағы «Жыл адамы» атағын берген. (Франция, 2008).  

«Журналистика, филология мамандығын бітірмеген мен үшін жүргізуші болуға келісім беру оңай болған жоқ» дейді. Алайда, батылдық, алғырлық, заң саласындағы және саяси қызметтегі көп жылдық тәжірибесі мен сұхбат жүргізудегі икемділік, әңгімені қызықтыра білу қабілеті тікелей эфирде жұмыс істейтін жүргізуші Ирак Елекеевтің басты қаруына айналды.  Өмірде ұстанатын ең басты қағидасы – әділ болу, адамның көзіне қарап шындықты айта білу. Саяси және тарихи әдебиетті құмартып оқиды.