Хабар телеарнасы

Central Asia’s Got Talent

Central Asia’s Got Talent

Таланттар шоуына жасы, қызметі, біліміне қарамастан Орталық Азияның (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан) кез келген өнерлі адамы қатыса алады. Байқаудың жеңімпазы көрермендердің ықыласына бөленіп, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.

Central Asia’s Got Talent – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің азаматтарына арналған таланттар шоуы. Жоба 5 кезеңнен тұрады. Іріктеу, ашық тыңдалым, ширек финал, жартылай финал және ақтық финал. Бірінші кезеңде жобаға қатысушылардың өтініштері қабылданып, әрі қарай төрт елде іріктеу кезеңі өткізіледі. Жобаның бас жеңімпазынан бөлек, төрт елден жеңімпаз анықталып, ақшалай сыйлыққа ие болады. Central Asia’s Got Talent шоуы төрт елде «Хабар», «Zoʻr TV», «Қоғамдық бірінші арна» және «ТВ Сафина» телеарналарынан көрсетіледі.

Жобаға Орталық Азия азаматтары +7 700 600 24 24 ортақ номеріне хабарлама жолдау, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі (Instagram, Facebook) жобаның ресми парақшаларына хат жазып, өтініш білдіру арқылы қатысады. Сонымен қатар іріктеу тобы offline режимде де жұмыс істейді. 2019 жылдың қыркүйек айында Central Asia’s Got Talent шоуының тұсауы кесіледі. Ал 2019 жылдың желтоқсанында Гранд финал өтеді.

«Қазақстандық телевизия саласында алғаш рет барлық талантты адамдарды бір алаңға жинамақпыз. Отандық арналарда бұған дейін ән, би, спорт және т.б. өнер бәйгелері өткен болатын. Ал бұл байқауда кез келген дарынды адам өзінің мүмкіндігін сынап көреді. Сондай-ақ жобаның тағы бір ерекшелігі, Орталық Азия елдеріне ортақ шоу болады, яғни бағдарламаға қазақстандықтармен бірге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің азаматтары да қатыса алады. Біздің басты мақсатымыз – өнерлі адамдарды іздеп, олардың бүкіл Орталық Азия мемлекеттеріне танылуына мүмкіндік беру», – дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.

Айта кетейік, Got Talent – Fremantle британдық компаниясының форматы. Авторы – Саймон Коуэлл. 2006 жылы маусым айында аталмыш телебайқау «America’s Got Talent» деген атпен Америкада жарыққа шықты. Осы уақытқа дейін лицензия арқылы формат әлемнің 70 елінде жүзеге асырылған. 2014 жылдың сәуір айында Got Talent әлемдегі ең сәтті телевизиялық формат ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Дәл сол кезде телебайқаудың франшизасы әлемнің 58 елінде көрсетілген.

 

Жарнама орналастыру жөніндегі сауалдар бойынша байланыс телефон нөмірлері: 8/7172/ 757 554, 757 556