Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасы: «Topjarǵan» жаңа жұлдыздарды көпшілікке танытуға әзір

«Topjarǵan» телетүсірілімінің соңғы дайындығы. Режиссер қатысушылардың сахнағада өзін қалай ұстауын бақылап, кемшін тұстарын түзетіп жатыр.

Николай Подошва-Захаров, қоюшы режиссер:

- Қатысушылар 17 мен 35 жас аралығында. Біз солардың ішінен қазақстандықтарға жаңа таланттарды танытсақ, жаңа жұлдыздарды шығарсақ дейміз. Ол үшін олармен режиссерлардан бастап, хореографтар, вокал бойынша педагогтер, стилистер жұмыс жасауда.

Адам көркі – шүберек. Ал тележобада бұл – басты қағида. Сол үшін де барлық киім үлгісі түсірілім басталғанға дейін дайын болуы тиіс.

Әлия Беймағанбетова, бас стилист:

- Әр қатысушының киімі орындайтын әніне сәйкес келуі маңызды. Ол үлгілерді үміткерлердің сүйретімен бірге мынадай етіп әзірлеп қойдық. Образдардың қайталанбауы да ескерілді. Билеп ән айтатын әншілер үшін соған арналған мата түрлері таңдалды.

Бағдарламаның жүргізушісі – Мадина Садуақасова. Жобаның әр санында 4 үміткер өнер көрсетеді. Ал келесі кезеңге оның екеуі ғана өтеді.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» арнасының бас продюссері:

- Қазылар алқасының ішіне қазақ эстрадасының үш буын өкілдері қатысады. Олар бұрын-соңды еш жерде қазылық етпеген халық әртісі Роза Рымбаева, музыкант-композитор Ринат Гайсин және жастардың арасында кеңінен танымал музыкант Baller есімді рэппер жігітіміз.

Ержанат Ақиқат, қатысушы:

- Сол кісілердің дауысымен келесі турға өтеміз. Келесі кезеңге өткен кезде ерекшелігі өзімізбен бірге жүрген қатарлас әріптестерімізбен батлға түсеміз. Бұл жерде көрермендер дауысымен жеңімпаз анықталады.

«Topjarǵan» сахнасы да жаңа жұлдыздарды көпке танытуға әзір. Қалғаны тазалық жұмыстары. Жоба жаңа маусым басталған соң әр жексенбі күні эфирге шығады. Он көрсетілім іріктеу, ал соңғы екі санында финалдық бәсеке көрсетіледі.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Бекболат Базаров