Өзекті

«Хабар» телеарнасына 23 жыл толды

Хабар Агенттігі Хабар Агенттігі

Бүгін – қазақ телевизиясы тарихындағы айтулы күн. Осыдан тура 23 жыл бұрын, 1995 жылдың 23 қазанында «Хабар» арнасы құрылып, алғашқы эфирін таратты.

Жас арна халықтың көкейінде жүрген күрделі мәселелерді айтып, өзекті тақырыптарды қаузады. Хабар аз уақыттың ішінде кең аудиториясын да жинап үлгерді. Қазір «Хабар» Агенттігі отандық кинотуындылар көрсететін «Ел Арна», тәулік бойы жаңалық тарататын «Хабар 24», халықаралық ақпарат беретін «Kazakh TV» және саяси-қоғамдық жаңалық беретін «Хабар» сынды 4 телеарнадан тұратын үлкен телеотбасыға айналды. Арнаға көптеген жас буын тартылып, ерен еңбектерін де атқарып жүр.

Риат Шони, тілші:

- Бір қызық айтайын ба? Бүгін менің де туған күнім ғой. Мен де 23 жасқа толдым. Тура «Хабар» секілді. Қызық иә? Төл құрдасы болып осы Агенттікте жұмыс істеу қандай бақыт десіңізші. Сене алмайсыздар да. Енді ауыр жүкті асынып, өз құрдасым жайлы сюжет әзірлеуді өз мойныма алдым. Экранға жақын отырыңыздар! Қазір қызық басталады.

Мен өз құрдасымның алғашқы қадамдарын бесікте жатып-ақ бақыладым. Мен емес, атам мен әжем көретін жаңалықтарды. Мультфильмі бар арнаға ауыстыратын әлім жоқ болғасын, амал жоқ бірге көресің. Оой, атам деген «Хабардың» фанаты болатын.

Риат Шони, тілші:

- 2000 жылдардың басы. «Хабар» арнасының эфирі әрине, дәл осылай басталмайтұғын. Бірақ сол кездері жаңалықтар тізгінін танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек ұстаған. Көріп тұрғандарыңыздай, әлі де солай. Зейінді барлығы да зейін қойып тыңдайды екен.

Көгілдір экран алдында отырған адамдар кадр сыртында қандай күйбелең тірлік екенін де біле бермейді. Таңның атысы мен күннің батысы «Хабар» Агенттігінің қызметкерлері көрермен қауымға сапалы сарапталған материал жеткізу үшін еңбектенеді. Бұл жерде бейнеоператорлардың да қызметін ерекше атап өткен жөн.

Еділ Ермекбаев, «Хабар» телеарнасының операторы:

- Жас жігіттерді таңдаған, реттеген кезде арасында көзінің оты бар жас жігіттерді алуға тырысамыз. Біріншіден жарық қоюшылықтан бастайды. Екі-үш жыл жарық қояды, камерамен түсіруді үйренеді. Сырттан дайын операторды алмаймыз. Өзіміздің ішкі кадрлерді дайындауға тырысамыз. Соған өте үлкен мән береміз. Жігіттерді өзіміз өсіріп, өзіміз үлкен жолға саламыз.

«Хабар» Агенттігі құрылар алдында 1994 жылы 6 журналист Англияға оқуға жіберіледі. Солардың қатарында Тілеуқабыл Мыңжасар болған. Арна құрылғаннан бастап Алматы облысында меншікті тілші қызметін атқарып келе жатқан майталман сол кездерді ерекше еске алады.

Тілеуқабыл Мыңжасар, тілші:

- Есіме алайын. Мәселен, мен тілші есебінде таңертең жұмысқа келемін ғой. Сонда менің есігімнің алдында, біздің ғимараттың алдында қаншама адам күтіп тұратын. Осы Алматы облысындағы тілші Тілеуқабыл Мыңжасарға жолығайық деп едік. «Біздің ауылда мынадай бір мәселе бар еді, шешілмей жатыр. Осыны көрсетсеңіздер» деп, қаздай тізіліп кезекте адамдар болды. Біз соларға жәрдемдестік, көтердік. Қаншама ауылды көрсеттік қой.

Саяси, әлеуметтік салалардан өзге спортқа ойыссақ. 2000 жыл. Сидней Олимпиадасы кезі. Олимпиада емес, марқұм Бекзат Саттархановтың алтын алған жылы деп есте қалған ол кез. Мен де, «Хабар» да 5 жастамыз.

Бұл дауыс менің ғана емес, барша қазақстандықтардың есінде әлі бар. Иә, қателеспедіңіз. Дәл сол тарихи жеңісті бізге жеткізген белгілі спорт журналисі, комментатор Амангелді Сейітхан.

Амангелді Сейітхан, спорт журналисті:

- Сол кездегі біздің бастығымыз Дариға Нұрсұлтанқызы менен сұрады. Қабағы түюлі екен. «Футболды қазақша жүргізуге болады ма?», – деді. Мен айттым: «Әрине, болады». «Кім жүргізеді? Жүргізе аласың ба?». «Әрине, жүргіземін», – дедім. «Сенімді ақтай аласың ба?». Міндетті түрде. Хабардың бір жеңісі осында.

Бүгінде «Хабар» отандық кинотуындылар көрсететін «Ел Арна», тәулік бойы жаңалық тарататын «Хабар 24», халықаралық ақпарат беретін «Kazakh TV» және саяси-қоғамдық жаңалықтармен бөлісетін «Хабар» сынды 4 телеарнадан тұратын үлкен телеотбасыға айналды.

Алан Әжібаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

- Алдағы уақытта «Хабар» көптеген жетістікке жетеді деп сенемін. Танымалдылығы да артады. Қазір көбі телевидение артта қалып келеді деген пікірде. Бірақ менің ойымша, ол түрленіп келе жатыр. Сол себепті кез келген арна, оның ішінде «Хабар» Агенттігі де көптеген белесті бағындыру үстінде. Мұнымен тоқтамай, біз көрермендеріміздің талғамынан шығатын өнім әзірлеуде жұмысымызды жалғастырамыз.

Риат Шони, тілші:

- Төл құрдастары, біз секілді жастар жұмыс атқарып жатқан «Хабар» телеарнасы мемлекеттің саясатын саралап, ұлттық идеяны алға тартып жүр. Аға буын бастаған, кейінгі толқынның талантты жастары қостаған «Хабардың» ақпараттық кеңістікте беделі мығым болады деп сеніммен айта аламыз.Сол себепті әрдайым еліміздің бас арнасы қосулы болсын құрметті көрермен!

Авторлары: Риат Шони, Әлібек Әлиев

Last modified on