Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі «Қарлығаш ұя салғанда» атты жаңа сериал ұсынды

«Хабар» Агенттігі көрермендерге тағы бір әлеуметтік өзекті тақырыпты қозғаған отандық сериал ұсынып отыр. 12 сериялы «Қарлығаш ұя салғанда» атты фильмнің алдын ала көрсетілімі өтті. Фильм түсіріліміне толықтай отандық мамандар жұмылдырылған. Басты рольдерді Кәмшат Жолдыбаева мен Еркебұлан Дайыров секілді елге танымал актерлер сомдап шықты.

Басты кейіпкер Қарлығаштың ақыры фильм соңында өз ұясын табуы көрермендердің көңілін баурап алуы тиіс. Жаңа сериалдың түсірілім командасы осындай ниетте. Әлеуметтік тақырыптарды таңдайтын «Хабар» Агенттігі бұл жолы да қоғамдағы өзекті мәселені сериал желісіне салған.

Айкүміс Сексенбаева, «Хабар» телеарнасының бағдарламалық директоры:

- Ең басты мәселе бұл сериалда отбасылық құндылықтарды көрсету, отбасының, өмірдегі махаббаттың маңызы, отбасында балалардың болуы. Сол үлкен маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеретін сериал 12 эпизодтан тұрады. Дүйсенбі-жұма күндері «Хабар» арнасынан көруге болады.

Режиссері – Санжар Омаров. Басты рольдерді Кәмшат Жолдыбаева мен Еркебұлан Дайыров секілді танымал актерлер ойнайды. Фильмде жазмыштан әйелі ерте көз жұмған, 3 баласын асырап отырған Тасқын есімді ер азаматтың өмірі көрсетіледі. Оқиға желісі оның жасы келсе де тұрмыс құрмаған, жұмысында табысты Қарлығаш есімді бойжеткенмен арадағы махаббаты жайлы.

Кәмшат Жолдыбаева, актриса:

- Фильмнің идеясы бүгінгі қоғамдағы қыздардың өмірі, олардың көзқарасы жайлы. Барлығы біз ойлағандай болмайды, өмір жалпы тосынсыйларға толы.Біріншіден жас ерекшелігі жағынан, өмірдегі мақсаттары жағынан көптеген ұқсастықтар бар.

Еркебұлан Дайыров, актер:

- Форматы, оқиға желісі бөлек. Бұл жерде жалғызбасты ана емес, жалғызбасты ер адамның тақырыбы қозғалған. Батыр деген аты шыққан, біздің тілмен емес хайппен танылып жатқан жарнамадағы емес, бұл жігіттерге ондай жарнама керек емес. Міне сол оқиға желісі мені баурап алды.

«Қарлығаш ұя салғанда» фильмінің алғашқы сериясы 29 қазан күні «Хабар» арнасында кешкі сағат 19:15-де көрсетіледі.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов