Өзекті

«Хабар» Агенттігінің жобалары әлем көрермендерінің назарында

«Хабар» Агенттігінің жобалары әлем көрермендерінің назарында

«Хабар» Агенттігі түсірген «Ана жүрегі» фильмі Өзбекстанда көрсетіліп жатыр.

Оны Ташкенттегі «Sevimli» арнасы таратуда. Бір қызығы киноны телеарна қызметкерлерінің өздері аударып, оның дубляжын Өзбекстанның халық әртісі Гавхар Закирова оқыған. Туындының атын «Ona kalbi» деп қойыпты. Өйткені телеарна «Өгей жүрек» фильмін де қатар аударған. Өзбекстандағы Қазақстан жылы осылайша кино алмасумен басталды.

Телеарнада «Ана жүрегі» фильмінің соңғы сериялары дубляждалып жатыр. Оған Гавхар Закированың өзі қатысуда. Өзбекстанның халық әртісі: «Бұған дейін оқып жүрген сериалдардың ішіндегі ең тұщымдысы осы болды», – дейді. Өйткені сөздері жеңіл әрі қызық. Әр оқиға сабақтасып, бір-бірін жалғап кетеді. Көрерменге ой салатын туынды. «Сериалды түсірген «Хабар» Агенттігінің талғамы жоғары, әдебі ерекше екені көрініп тұр, – дейді Өзбекстанның халық әртісі.

Гавхар Закирова, Өзбекстанның халық артисі:

- Кинода әрбір кейіпкердің тағдыры бар. Олардың әрқайсысы өз ерекшелігімен баурап алады. Сериал зеріктіріп жібермейді. Әр бөлімі қызықты оқиғалармен суреттелген. Кейін не болар екен деп алаңдап отырасың. Екінші бөлімде қызықтырып барып, жаңа оқиғалармен, күтпеген ойлармен ұштастырып отырады. Мынадай болады деп отырсаң, мүлдем ойламаған нәрсеге тап боласың.

Қанат Жүнісбеков, тілші:

- Телеарнада нағыз қарбалас. Студияда оқылған «Ана жүрегі» фильмінің аудармасы осы жерде монтаждалады. Қызметкерлердің бірі дыбыстың тазалығын тексереді. Екіншісі бейнебаянның сәйкестігін қадағалайды. Дайын дүние тікелей эфирге беріледі. Бұл жерді телеарна жүрегі деуге болады.

«Ана жүрегі» драмасын арнаның көркемдік кеңесі бірнеше шетелдік туындылардың ішінен іріктеп алған. Туынды халықтың талғамына сай, сценарийі де тұщымды жазылған. Онда күнделікті күйбің тіршіліктен бастап бала тәрбиесі, отбасы мәселесі, әлеуметтік сала, жастардың қоғамдағы орны мен астарлы ой салатын жерлері көп. Ең бастысы тәрбиелік маңызы зор. «Қазақ тілінде болғандықтан түсініп аударуға оңай болды», – дейді телеарна басшылығы.

Жалоладдин Сафоев, «Sevimli» телеарнасының директоры:

- Қазақ бауырларымыз түсірген «Ona kalbi» телехикаясын көрермен ыстық ықыласпен қабыл алды. Көпшіліктің сұрауы бойынша олардың пікірін ескере келе, «Өгей жүрек» туындысын да аударып, дубляж жасап, «Sevimli» телеарнасының эфиріне қойдық. Бұл да халыққа ұсынылды. Ең маңыздысы мұнда адам тағдыры көрсетілген.

«Sevimli» телеарнасы қос туындымен тоқтап қалмақ емес. «Хабар» телеарнасы түсірген тағы бірнеше туындыны аударып, көпшілік назарына ұсынсақ деген жопарлары бар.

Лола Шаимова, «Sevimli» телеарнасының киноредакциялар бөлімінің басшысы:

- Алдағы уақытта «Хабар» телеарнасымен байланысты одан әрі жақсартқымыз келеді. Соның негізінде тағы бір телесериалды көрсетсек деген ойдамыз. Бұл да сіздерге тиесілі. «Аға» телесериалы. Оны толық көріп шықтым, өте қызығарлық туынды екен. Ташкенттегі жекеменшік телеарна осылайша Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай қазақ киноларының санын арттыруды көздеп отыр.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов