Хабар телеарнасы

«Topjarǵan» музыкалық шоуына шетелдіктер де қатысуда

Биыл тартысқа толы байқаудың ІІ маусымы көрермен назарына жол тартады. Іріктеу сынынан іркілмеген «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген қатысушылар да белгілі болды. Олардың қатарында Қырғызстан, Италия, Грузия, тіпті мұхит асып Кубадан келгендер де бар. Енді жобаның үздік төрттігіне ену үшін, дамыл таппай жаттығуда.

«Topjarǵan» шоуының ІІ маусымы талантты өнерпаздарға толы. Өз елімізден бөлек шет мемлекеттерден келген қатысушылар да вокалды ән байқауында бақ сынасып жатыр. Себебі конкурс талаптары көптің көңілінен шыққан. Мұнда кез келген жанрда ән шырқауға болады. Қатысушылардың арасында қазақтың қара домбырасын қолға алып, қазақша ән айтып жатқан өзге ұлт өкілдері де бар.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:

- Биылғы басты ерекшелігі – шетелден қатысушылардың келуі. Соның ішінде Қырғызстан, Италия, Грузия, сонау алыстағы Куба елінен де келіп біздің «Topjarǵan» шоуында әндерін шырқап жатыр. Әрине, интернет арқылы қатысушылардың орындаған хит әндерін тыңдап, деңгейін байқап, бақ сынауға келіп жатыр. Ал талантты жастарға айтарым, аяғыңды нық басып, сеніммен шық. Образыңды алып шық, осыдан артық ештеңе де керек жоқ.

Гайа Англани – кәсіби әнші. Италиядан келген. «Topjarǵan» шоуының танымалдылығына ғаламтор арқылы көз жеткізіп, оған қатысып көруге бел буыпты. «Әзірге аяқалысыма көңілім толады», – дейді ол.

Гайи Англани, жобаға қатысушы:

- Бұл байқау туралы ғаламтордан білдім. Бұрын-соңды мұндай телевизиялық байқауға қатысып көрмеппін. Осының өзі мен үшін үлкен тәжірибе болып отыр. Байқауды Италиядағы менің жақындарым да қуана тамашалайтын болады.

Ал қырғызстандық өнерпаз Салтанат Аширова байқаудың қыр-сырын бірінші маусымнан бастап біледі. Оған жоба талаптары ұнаған. «Өзімді заманауи үлгідегі әнші ретінде көрсетуіме мұнда мүмкіндік мол екенін білдім», – дейді қатысушы.

Салтанат Аширова, жобаға қатысушы:

- Маған түрлі жанрда ән салған ұнайды. Рок, джаз, поп, рэп сынды бағыттар бойынша бағымды сынап көргім келеді. Сондықтан Қазақстандағы әріптесімнің бірі маған осы байқау туралы толығырақ айтып берді. Сөйтіп өзім секілді кәсіби әншілермен бақ таластырып көруді дұрыс деп шештім.

Жоба бірнеше кезеңді қамтиды. Оның барысында қатысушылар финалға өту үшін үздік төрттікке енуі тиіс. Сөйтіп шешуші сында өзара мықтыны анықтайды. Ал жеңімпаз кәсіби студияда ән жазып, клип түсіруге мүмкіндік алады.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров