Хабар телеарнасы

Астана экономикалық форумында айтылатын жаһандық сын-тегеуріндердің бірі – ұзақ ғұмыр әлемі

Күн сайын жаңа мүмкіндік, жаңа тәуекел. Адамзат бұған дайын ба? 17-19 мамыр аралығында Астанада өтетін «Global Challenges Summit 2018» әлемдік шарасы аясында сарапшылар, технологиялық элита, билік пен бизнес бас қосып, жаһанның жаңа үрдістеріне жауап іздемек.

«Жаһандық экономиканың қан жүгіре бастады», – дейді мамандар. 2018-2019 жылдары әлем экономикасының өсімі 3,9%-ға жетпек. Бұл – соңғы 7 жылдағы жоғарғы көрсеткіш. Алайда әлемдік экономиканың өсу қарқынын тежейтін кері тенденциялар да көп.

Санат Көшкінбаев, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеу орталығы директорының орынбасары:

- Әлем экономикасына кері әсер ететін жағдайларды жоққа шығара алмаймыз. Санкциялар соғысының салқынын сезініп отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдай да реттелмей отыр. Мұның бәрі әлемнің дамуына тежеу, экономиканың құлдырауына себеп бола алады. Астана экономикалық форумы бұл Қазақстанның жаһанданудың сын-тегеуріндеріне берген жауабы.

Жердің беті ала-құла, бар мен жоқ. Кей дерекке сай, әлемдегі 8 мультимиллиардердің байлығы жер бетіндегі 3,6 млрд халықтың жалпы жағдайынан асып түскен. Кез келген қоғам қара мен төреден құралған, алайда бай мен кедей арасындағы алшақтық ең түйткілді әлеуметтік мәселеге айналып барады.

Сара Алпысбаева, Макроэкон. зерттеулер мен болжау орталығының директоры:

- Яғни байлар байығанның үстіне байып, кедейлер кедейленіп барады. «Орта тап» деген ұғым көмескіленіп барады. Ал орта тап – қоғам тұрақтылығының негізі. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұл ретте Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын айта кетпеске болмайды. Президент айтқан жеңілдетілген салық осы жағымсыз үрдісті үзеңгілеуге көмектеседі.

Ұзақ ғұмыр әлемі – Астана экономикалық форумында айтылатын 11 жаһандық сын-тегеуріннің бірі. Әлемде 60 жастан асқан ересек адамдардың саны 2050 жылы 2 млрд-қа жетпек. Геронтология – тірі ағзаның, яки адамның қартаю мәселесімен де Қазақстан бетпе-бет келіп отыр.

Аяулым Сағынбаева, Әлеуметтік және демографиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары:

- Демографиялық тарихымызда ҰОС-дан кейін, қазіргі кезде халқымыздың, 65 жастан жоғары халықтың саны көбейіп, тұрғындардың жыл сайын өсіп келе жатқаны тек қана экономикалық салаға емес, сонымен қатар медицина саласына, әлеуметтік қызметтерге үлкен бір сын сияқты болып көрінуі керек.

Саясатта «жұмсақ күш» деген термин бар. Яғни ешкімге азуын көрсетпей, тізесін батырмай дегеніне жету. Қазақстан тәуелсіздік алғалы «жұмсақ күшін» жұмылдырып келеді. Енді тура он күннен соң басталатын Астана экономикалық форумының әлемді жақсарта түсуге тамшыдай болса да үлесі болса, бұл – Қазақстанның тағы бір жеңісі.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Риат Шони