Хабар телеарнасы

АЭФ тіркеу орталықтары ашылды

Өзге елдің сайтына немесе порталына кіру үшін әр адамнан арнайы рұқсат талап етілетін күн жақындады. Киберқылмыспен күрестің бір жолы осы болмақ. Бұл бастаманың да күнгей және көлеңкелі тұстарын Астаналық экономикалық форумының қатысушылары қарап, талдайтын болады. Бүгін ЭКСПО алаңында саммит қонақтарын ресми тіркеу рәсімі басталды.

Астаналық экономикалық форумын ресми ұйымдастырушыларының бірі – Ұлттық экономика министрлігі. Бүгін ведомство өкілдері баспасөз жиынын өткізіп, қатысушыларды тіркеу рәсімін ашық деп жариялады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, биылғы форумға 5 мыңға жуық адам қатысады. Олардың қатарында шетелдік сарапшылар, экономистер мен белді саясаткерлер және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар.

Бауыржан Тұрлыбек, ҚР ҰЭМ Стратегиялық талдау және сараптау департаменті директорының орынбасары:

-500-і ол шетелден келген қонақтар. Қалғандары осы жақтағы өзіміздің және ТМД елдерінің қатысушылары. Қазір 6 орталық болып тұр. Орталықтар форумның соңғы күніне дейін, яғни 19 мамырдың соңына дейін істейді.

 Әлемдік сарапшылар Астанада киберқауіпсіздік мәселелерін талқылайды

Экономикалық форумның басты тақырыптарының бірі – киберқауіпсіздік. Бүгінде жаһан жұрты қарулы шабуылдардан емес, ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікке зор мән беруде. Себеп бар. Өйткені мемлекеттік маңызды құпиялар желіге тарап, елдердің ішкі саяси-экономикалық мәселелеріне сырттан араласатындар көбейіп кетті. Осы ретте әлем елдері сандық бейқамдықтың жолдарын іздеуде. Астана осы мәселелерді шешудің басты алаңдарының біріне айналып келеді.

Олжас Сәтиев, Кибершабуылды талдау және тексеру орталығының президенті:

-Киберқару бүгінде жаппай қырып-жою қаруларының санатына жатқызылады десек артық айтпаспыз. Бұрындары қақтығыстардың алғы шебі шекараларда орын алып жатса, қазіргі ұрыстар ақпараттық алаңдарда болып жатыр. Шабуылдар ең алдымен интернет желісі мен телекоммуникациялық инфрақұрылымдарда орын алып отыр. Хакерлер қазіргі таңда мемлекеттік қауіпсіздіккке қатысты құпия мәліметтерді таратумен айналысуда. Сондықтан әлем елдері осы бағыттағы ықпалдастықты нығайту қажет.   

Болашақта әр елдің жеке ғаламтор желісі құрылады. Яғни өзге елдің сайттары мен порталдарына еркін кіре алмайсыз. Ол үшін арнайы рұқсат қажет болады. Отандық интернет қауымдастығының өкілдері: «Бұл шара кибершабуылшылардан қорғанудың басты шарты болады», – дейді.

Шавкат Сабыров, Қазақстан интернет қауымдастығының басшысы:

-Бүгінде әлем елдері жеке дала ғаламтор желісін құру бастамасын қолға алып жатыр. Ол Сплин-интернет деп аталады. Яғни әр мемлекеттің өзіндік ақпараттық кеңістігін қамтитын жеке желі пайда болады. Бұл сыртқы факторлардан қорғанып, мемлекеттік электрондық платформаларды қорғау мүмкіндігін туғызады.

Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті мамандарды даярлау қажет. «Әсіресе физика-математикалық бағытта білімі басым жастарға назар аудару керек», – дейді сарапшылар.

Меруерт Махмұтова, Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры:

-Студенттердің барлығын философия мен политологияға үйретпей, осы математиканы, IT мамандарды әрі қарай дамыту керек. Себебі жалпы халықаралық деңгейде экономистер IT-ға байланысты бәсекелестікті өлшегенде осы математикаға қанша елде, әр елде студенттер оқып жатыр сол арқылы өлшейді.

Сонымен жаһандық экономикалық форумның ашылуына үш күн қалды. Онда бұдан өзге экономикалық өсім, салаларды цифрландыру, қаржылық революция, жаһандық қауіпсіздік секілді жалпы әлемдік үрдістер кеңінен талқыға салынады.

Авторлары: Жұрағат Баман, Аманжол Байғазин