Хабар телеарнасы

Елбасы АЭФ-ке келген экономистер және Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесті

Басқосуда Президент әлемдік деңгейдегі мәселелерді қозғап, айтары бар сарапшылармен пікір алмасты. Өйткені әлем көз тіккен Астаналық экономикалық форумына қатысуға келген мәртебелі қонақтардың қай-қайсысын алсан да өз саласының нағыз майталмандары. Бірі кезінде елді басқарып, мемлекетті алға сүйрейтін реформаларды іске асырған. Енді бірі – құнды зерттеу еңбектерінің авторы, қаржы саласының білікті мамандары.

Нұрсұлтан Назарбаев осындай беделді тұлғалармен тәжірибе алмаса келе, Қазақстан қолға алған индустрияландыру, цифрландыру бағдарламалары жайында айтты.

Ал мәртебелі қонақтар ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Эстонияны 10 жыл қатарынан басқарған Тоомас Ильвес өзі іске асырған цифрлық революция жайында ой бөлісті. Қажет болса, тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Ал Алан Вольф Қазақстан әлемдік сауда нарығында көшбасшы мемлекет бірі екенін атап өтті. Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк те еліміздің қарқынды дамып келе жатқандығына мән берді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемнің қаржы хабына айналуы мүмкін», – деді.

Бұл ретте «DP World» компаниясының басқарма төрағасы Султан Ахмед бин Сулайем Ақтау теңіз порты бизнес кең мүмкіндіктер ашқанын жеткізді. Қазір елімізбен бірлесіп 4 бірдей жобаны іске асыру мәселесін қарастырып жатқанын тілге тиек етті.