Хабар телеарнасы

Елімізде инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы ашылатын болды

Арасында Нобель сыйлығының иегерлері мен атақты профессорлар болды. Қатысушылар жаһандық экономикаға әсер ететін заманауи трендттер туралы әңгіме қозғады. Зауыт-фабрикалардағы жұмысты роботтарға тапсырып, көліктерді электро-қозғалтқышқа көшіру секілді бастамаларды жүзеге асыру жолдарымен бөлісті.

Бүгінгі форумда тіпті кәріліктен қорғайтын дәрі-дәрмек жасап шығаруды жоспарлап жүрген шетелдік ғалымдар болды.

Заманауи технологиялар жаһандық экономиканы өзгертеді. Адамзатқа қатысты барлық саланы цифрландыру бастамасы туралы айтқан Елбасының 5 мегатрендтерін экономикалық форумда әлемдік сарапшылар талқылады. Өз ойларымен бөліскен қонақтардың бірі – теориялық физика, әлем құрылысы сынды кесек тақырыптарда кесімді пікір айтып жүрген Митио Каку. Оның сөзінше, қазір өнеркәсіптер мен өндіріс ошақтарында кейбір жұмысты роботтар атқарып жатқанымен, жасанды интеллект жұмыс орындарын жаппай жаулап алады деген – теріс пікір.

Митио Каку, физика ғылымдарының докторы, футуролог:

- Бүгінде роботтар машина құрастыруда, тағам индустриясында, сондай-ақ, қызмет көресту салаларында кеңінен қолданылып жатыр. Десе де, роботтар игермеген салалар әлі өте көп. Сондықтан, «орта тап қызметшілері кем дегенде 10 жыл бойы жұмыс орнын жоғалтамын деп алаңдамаса болады.

10 жыл деген тым аз уақыт. Осы кезең ішінде роботтар адамның түрін танып, сөйлесіп, тіпті тамақ дайындап берудің өзін үйренеді екен. Осы орайда, ғалымдар адамзатқа қосымша мамандықтарды игеруге кеңес беріп отыр.

Мәселен, Шығыс Қазақстанның  медицина мекемесінде адам мен робот әріптестік орнатқан. Мұнда ауыр хирургиялық операцияларды темір техника мен дәрігер бірлесіп жасайды. Яғни хирургтың қолдарының қозғалысын робот қайталап, операцияны қашықтықтан жасау мүмкіндігін береді. Болашақта мұндай құрылғылар әр ауруханаға қойылса, шетелдік немесе өзіміздің хирургтар алыста отырып, әлемнің кез келген жерінде операция жасай алатын болады.

«Жалпы алдағы онжылдықта осындай медициналық құралдар немесе дәрі-дәрмек арқылы кәрілікті жеңуге болады», – дейді ғалымдар. Кембридждің маманы Обри Ди Грей форумда «Қартаюды жою» тақырыбында баяндама жасады.

Обри Ди Грей, Британдық геронтолог, SENS қорының төрағасы:

- Кәрілік белгілі бір ауру секілді, бірақ оны емдеу жолдарын табу керек. Мен бұл ретте инженерлік медицина арқылы ағзаны жасартуға болатынын айтқым келеді. Ауырып, қиналып ұзақ өмір сүргеннің мәні жоқ, сондықтан мен адамның мейлінше көп уақыт  дені сау, күш-қуаты мол болатындай мүмкіндік беретін жолдарды іздеу үстіндемін.

Ағзаға тамақ ішсең де, аш жүрсең де зиян тигізіп алуға болады. Мысалы бүгінде әлемде 2 млрд адам витамин, яғни дәрумендер жетіспеушілігімен ауырады екен. 815 млн адам аштықтың алдында отырса, 1 млн 800 мың адам керісінше, артық салмақтан арыла алмай жүр екен. Форумға қатысқан америкалық мамандар ысырапшылдық пен жетіспеушіліктің балансын іздеп жүр.

Милка Соколович, Еуропалық кеңестің азық-түлік бойынша ақпарат ұйымының жетекшісі:

- Мысалы Канаданың кейбір қалаларында күніне 13 мың кг-ға дейін нан қоқысқа тасталады. Осындай фактілерді ескере отырып, әлем елдерінде бостан-бос қоқысқа тасталып жатқан тағамдардың есебін жүргізіп, қалдықтарды қайта өңдеп, жаңа өнім түрлерін ойлап тауып, азық-түлікке зәру мемлекеттерге көмек көрсетуді көздеп отырмыз.

Осындай игі бастамалардың бәрін жүзеге асыруға Астана өз алаңын ұсынуға әзір. Елімізде «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы ашылатын болды. Президенттің бастамасымен қолға алынған бұл жобамен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев таныстырды. «Бұл орталық жаңа «жасыл» технологияларды дамытатын Орталық Азиядағы бірегей институт болады», – деді Үкімет басшысы. Ал Жаһандық жасыл даму ассамблеясының президенті Пан Ги Мун мырза Қазақстанды баламалы қуат көздерін өндіру үлесі бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет деп атады.

Пан Ги Мун, Жаһандық жасыл даму ассамблеясының президенті, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы:

- Әлем көшбасшылары төмен көміртекті экономикаға көшіп жатыр. Бірқатар елдің тамаша қадамдарына да куә болдық. Шын мәнінде баламалы энергия көздері мен «жасыл» экономика үлесі күннен күнге артып келеді. Баламалы энергияға қатысты шешімдер құны да дәстүрлі энергиямен бәсекелесе алатындай деңгейге жетті. Бұл жаһандық талапта Қазақстанның көшбасшы елдердің бірі екенін атап өткім келеді.

Экономикалық форумда өзге тақырыптарда да тың идеялар мен пікірлер айтылды. Жаһандық сарапшылардың басқосуы ертең де жалғасады.