Хабар телеарнасы

«Жеңіске құрмет!» акциясы аясында көкшетаулық ардагерге сый-сияпат жасалды

«Хабар» агенттігінің Ақмола облысындағы тілшілер қосынында бүгінгі жұмыс күні әдеттегіден айрықша басталды. Соғыс ардагеріне деп алған сыйлығымызды буып-түйіп, қарт жауынгердің үйіне қарай жол тарттық. Қан майданды көзбен көрген Ольга әжей бүгінде немерелерімен бірге тұрады. Біздің тартуымызға алғысы шексіз ардагердің.     

Сұм соғыста әскери медбике боп қызмет еткен Ольга Бабчук: «Сол сұрапыл жылдарды еске алудың өзі өте ауыр», - дейді. Небәрі 17 жастағы бойжеткен қан  майданның қақ ортасынан табылам деп еш ойламаған. Дегенмен жаны нәзік болса да, мойымай, жүктелген міндетті мінсіз атқаруға білек сыбана кірісіп кетеді. Талай рет ерлік жасап, сол үшін бірнеше мәрте лайықты марапатталған. 

Ольга Бабчук, ҰОС ардагері

-Ол жылдарды еске алу деген мен үшін өте қиын. Жаныма қатты батады. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде біздің сыныптағы 12 қызды әскер қатарына алды. Содан санитарлық батальон сапында қызмет еттік. Ал алғашқы медальға 1942 жылы қызметтегі қырағылығым үшін ие болдым.

Жігері жетелеп, намысы қуат берген өрімдей қыз, қатарластарының қанды қырғында қаза тауып жатқанына қарамастан, қиындыққа қасқайып қарсы тұра білген. 

Ольга Бабчук, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Бізге сол кездері жылау деген ұят боп саналатын. Старшина: «Сендер жаужүрек жауынгерсіңдер. Көз жастарыңды тыйыңдар!», - деп дүрсе қоятын. Бірақ қалай жыламайсың. Бір сарбаздың жарасын таңып жатсаң, екіншісі артыңда бақилық болып жатады. Амал жоқ, көргеніңе көнуге тура келді. 

Ольга Бабчук Жеңісті Чехословакия жерінде жүріп, медициналық пойызда қарсы алады. Үйіне аман-есен оралған соң, тұрмыс құрып, тың игеру жылдары Украинадан Қазақстанға көшіп келген. Қазір Ольга әжей немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отыр.  

Светлана Шпигель, соғыс ардагерінің шөбересі 

-Әжеміздің мінезі болаттай берік. Ол кісі қандай істе болмасын, саптағы сарбаздай тез әрі тиянақты. Бірнәрсені жылдам жасайды да, көрдіңдер ме, мен қалай қас пен көздің арасында бітірдім деп, әзілдеп отырады. Біз осындай ардақты әжемізбен ерекше мақтанамыз.

Ольга әжей ұрпақтарының ғана емес, бүкіл ауылдың мақтанышы. Қашан да қара шаңырақтан қонақ сиреген емес. «Енді Жеңістің 70 жылдығында да осылай мәре-сәре боп отырайық, - деген тілек білдірді жақындары. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко