Хабар телеарнасы

Сейтқасым Боранқұлов: Туған жер топырағын басуды бұйыртқан тағдырыма ризамын

Торғай облысының тумасы Сейтқасым ата соғыс басталған жылы мектеп бітіріп, көп ұзамай Сталинградтағы танк училищесіне түседі. Оқуын аяқтаған соң, 1942 жылы Воронеж майданына аттанады. «Танкімен шабуыл жасау тәуекел мен асқан шапшаңдықты қажет етеді», - дейді ардагер. Адамзат тарихындағы алапат соғыстың куәгері Жеңіс күнін жақындатқан майдандастарын жиі есіне алады. Майданның алғы шебінде жүріп жараланған Сейтқасым ата Жеңіс мерекесін госпитальде қарсы алады. Ол жан алып, жан беріскен соғыстан аман қайтып, туған жердің топырағын басуды бұйыртқан тағдырына риза. 

Сейтқасым Боранқұлов, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Соғыста біз аман қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Бір күні әйтеуір шәйіт боламыз ба деп жүрдік. Арманымыз Қазақстанның жерін аман-есен бассақ деуші едік. Проводникке айттым «шекарадан өткенде мені оятып жіберіңіз» деп, содан бір разъезде тұр екен. Пойыздан түсіп, ерсілі-қарсылы жүріп, арманымды орындадым. 

Соғыстан кейін де аттан түспеген Сейтқасым ата тың игеруге белсенді араласады. Қостанай облысындағы Қамысты ауданы мен 20 шақты ауылдың құрылуына айтулы үлес қосқан. Қаныш Сәтпаев атындағы университетте 40 жыл дәріс оқыған. «Аянбай еңбек етіп, жақсы білім алған адам қашанда биік мақсатқа жетеді», - дейді көпті көрген қария.

Сейтқасым Боранқұлов, Ұлы Отан соғысының ардагері 

-Жеңіс деген нәрсе оңай келмейді. Қай күнде де, соғыста да, еңбекте де біраз тер төгіп, біраз еңбектеніп, біраз қиналу керек. Сонда ғана жеңіс болады. 

Бүгінде 6 баладан 15 немере, 20-ға жуық шөбере сүйіп отыр. Осы бала-шағаларының ортасында бейбіт өмірдің қызығын тамашаласын деген ниетпен «Хабар» агенттігінің ұжымы атынан теледидар сыйға тарттық. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов