Хабар телеарнасы

«Хабар» агенттігі ардагер Вера Лоткованы мерекемен құттықтады

Вера Лоткова мамырдың 15-інде 92 жасқа толады. Жолдасы мен жалғыз баласы қайтыс болған соң, қария жалғыз тұрады. Оған әлеуметтік қызметкерлер қарайласып, қолғабыс етеді. 

«Хабар» агенттігінің ұжымы атынан дайындалған сыйлыққа ол балаша қуанды. «Еліміздің жарқын жаңалықтарын енді жаңа теледидардан қарап отырамын», – дейді ардагер.

Вера Лоткова, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Бізді ұмытпай, осылай құрмет көрсеткендеріңізге үлкен ризашылығымды білдіремін. Шын ниетпен бәріңізге денсаулық, бақыт тілеймін.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Вера Лоткованың жасы 17-де екен. Майданға Орынбор облысынан 1943 жылы маусымда шақырылған. Сталинградтағы зенитшілер полкінің құрамында байланысшы болған. Қаршадай қыз қанды қырғынды көріп, еш қиындыққа мойымай, жігерлене түскен. Жеңісті Германияда қарсы алған. 

Қарияның бүгінгі тілегі: «Ел тыныш болып, ұрпақ үнемі бейбіт өмірде болсын»,  – дейді.  

Вера Лоткова, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Жеңіс күні әлі де есімде. Соғыс бітті деп хабар алысымен, бәріміз қуаныштан көзімізге жас алдық. Қандай ауыр күндерді бастан өткердік. Талай боздақтар қыршын кетті. Әйтеуір елге аман оралдық. Келер ұрпақтың болашағы жарқын болсын. 

Бұл күні мектеп оқушылары да қарияны құттықтады. Олар сұрапыл соғыс жылдарында жауынгерлерге рух берген әскери әндерді шырқады. Қарияның қөңілін бір серпілтті, естелік әңгімесін тыңдады.

Ақтөбе қаласында тұратын 135 соғыс ардагерінің 19-ы қарт аналар. Отан қорғап, ерлік көрсеткен аналарымыздың қайсарлығы мен мұқалмас қажырлығы жастарға өнеге. 

Авторлары: Нұргүл Қонақбаева,  Александр Степаненко, Айбек Дәуітов