Жоба туралы

«Қазақ аруы - 2017»

«Қазақ аруы - 2017»

Жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында еліміздің ең сұлу қызы «Қазақ аруы» сұлулық байқауында анықталады. Сыртқы сұлулық пен ішкі әдеміліктің үйлесімділігі байқаудың басты ерекшелігі. Қазақ аруы ана тілін еркін меңгерген, ұлттық дәстүр мен ел тарихын, әдебиетін жетік білетін қыздардың додасы. Оған қоса шашы ұзын, бойы 170 сантиметрден кем болмауы тиіс. Үстіміздегі жылы 6-рет өткелі отырған байқаудың тәжін бұрынғы жылдары Ләззат Қалдыбекова, Айғаным Өтепбергенова, Әйгерім Қанатбаева, Гүлназ Жоланова, Кәмшат Қоскелова және Альмира Ахатова иеленді. 

Биыл Қазақстанның әр аймағынан 16 қатысушы ақтық сайыста өнер көрсетеді. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы байқау кезеңінде үміткерлер сахнада ұстау мәдеиетін көрсетіп қана қоймай, өздерінің қабілет-қарымын паш етеді. Мәңгілік құндылықтар жөніндегі пайым-түсініктерін ортаға салып, танымал эстрадалық әндер орындалып, би салтанаты көрермендерге тарту етіледі. 

Биылғы жылы байқаудың қазылар алқасында белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкей, отандық опера примасы Майра Мұхамедқызы, дизайнер Аида Қауменова, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары Ринат Кертаев, Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов, «Қазақ аруы-2016» байқауының жеңімпазы Альмира Ахатова, байқаудың авторы әрі бас продюсері Баян Есентаева болады және т.б. Қазылар алқасына ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова жетекшілік етеді.

«Қазақ аруы» байқауының өтуіне Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп келеді. Айта кетейік, байқаудың бас ақпараттық демеушісі – «Хабар» Агенттігі. 19 наурыз күні «Бейбітшілік пен келісім» сарайында өтетін сұлулар сайысының толық нұсқасын ел тұрғындары «Хабар» арнасынан 21 наурыз күні сағат 21:35-те көре алады.

Last modified on