Хабар телеарнасы

«Bala Turkvizyon»

«Bala Turkvizyon» – түркі тілдес балаларға арналған әндердің жандануын мақсат ететін әлемдегі жалғыз байқау. Қазақстандағы іріктеу туры Әлия Назарбаеваның қамқорлығындағы «Жандану әлемі» қорының қолдауымен өтеді. Жеңімпаз «Bala Turkvizyon» байқауының ақтық кезеңіне жолдама алып, қазақ елінің намысын қорғау үшін Түрікмен еліне аттанады.

Жас өрендер бұл байқау арқылы тек өзіндік өнері мен талантын ғана көрсетіп қоймай, бүкіл әлемге халқының мәдениеті мен дәстүрін паш ете алады. Аты алты Алашқа белгілі композиторлар мен ақындар да балалар әнінің жаңаша қарқын алуына өз үлестерін қоспаққа бекінді. Бүгінде болашақ жұлдыздар орындайтын, құрамына 16 ән енген алғашқы ән жинақ та дайын.

«Bala Turkvizyon» сахнасында ән айту үшін 8 жастан 13 жасқа дейінгі кез келген жас қазақстандықтың мүмкіндігі бар.

Байқаудың алғашқы сатысында қазақ эстрадасының танымал жас әншілерінің қазылық етуімен аймақтарда іріктеу сыны өтеді. Олар қатысушылар арасынан ең мықтыны таңдап алады. Ал, келесі кезеңде әрбір өнерпазға продюсерлер мен ұстаздар бекітіліп, вокал, хареография және сахналық шеберлік бойынша дәрістер алады.

Ұлттық іріктеу – жартылай финал мен ақтық финалды көрермендер «Хабар» телеарнасының тікелей көрсетілімі арқылы тамашалай алады. Телекөрермендер SMS дауыс беру арқылы әділқазылармен бірге жеңімпазды анықтайды.

Халықаралық «Bala Turkvizyon-2015» балалар ән байқауының гала-концерті мен салтанатты ашылуының бас серіктесі – ҚР Тұңғыш Президентінің қоры.