«Хабар» ұлттық телевизиялық ақпараттық агенттігінің брендімен алғашқы жаңалықтар топтамасы 1994 жылы эфирге шықты. Алғашқы күннен бастап-ақ «Хабар» ҰТАА жаңалықтары теңдессіз танымалдыққа ие болды. Агенттік ұжымы алдына мақсат қоя білетін әрі жалынды жастардан құралған телевизиядағы ең жас команда болды.
1995 жылы 23 қазанда Үкімет қаулысымен «Хабар» Агенттігі республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. «Хабар» Агенттігі» РМК-нің бас директоры болып Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева сайланды.
Агенттік құрылғаннан бастап, алдымен аймақтық, содан кейін шетелдік ақпараттық желі құру жұмысы алда тұрды. Үздік аймақтық журналистерді таңдауда тілшілер қосынын техникалық жағынан жабдықтауда, ақпаратты жариялау тәсілдерін ойластырудағы жұмыстардың қиындықтары ең бірінші Р.С. Ахметова және З. А. Нұрмұрат сияқты тілшілер желі редакторларының мойнына түсті. 1996 жылдың аяғына қарай Ақмола, Қарағанды, Семей қалаларында тілшілер қосыны ашылды. Бүгінгі таңда ел бойынша ең ірі 14 аймақтағы тілшілер қосыны жұмыс істеуде.
1996 жылы тікелей эфирге жаңалықтар дайындауға және таратуға арналған «Хабар» Агенттігінің бірінші студиясы құрылды. Мұнда ағылшынның Quantel компаниясының ең заманауи сандық телевизиялық жабдығы таңдалды. Quantel компаниясынан алған NewsBox-тың екі жинағы студияның ядросына айналды. Бұл компьютерлер (қазіргі өлшемдермен қарағанда өте көлемді) жаңалықтарға арнап лентаға түсірілген материалдарды жедел монтаждауға арналған.
1998-1999 жылдар аралығында үлкен циклдық бағдарламалар жасау үшін 600 метрлік Аппараттық-студиялық блоктың жабдықталған N5 студиясы («Sony» компаниясының өнімі) және қозғалмалы телевизиялық станцияларымен бірге жабдықталған түсіру павильоны бар N 4 студиясы қолданысқа берілді. Шоу-жарықты монтаждауды, кранды, хабар тарату серверлері қондырылған «Хабардың» эфирлік аппараттық жаңғыртылуын қоса алғанда, кейінірек алған сегіз камераға арналған ЖТС Sony жабдығы жаңа деңгейдегі бағдарламалар жасауға мүмкіндік туғызды: концерттер түсіру, спорттық іс-шараларды жүргізу, ток-шоулар өткізу және маңызды оқиғаларды тікелей эфирде көрсету.
1996 жылы қазақстандық телевизия тарихының дамуында алғаш рет «Хабар» Агенттігі телехикая түсіруді бастап, 90 жылдардағы көрермен үшін танымал жанрды қолға алды.
Қазақстандықтарға өзінің Розасы мен Рикардосы керек еді. «Тоғысқан тағдырлар» көрерменнің осы сұранысын қанағаттандырды. Өндіріс кезеңінде толығымен 465 серия түсіріліп, эфирге шықты. «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының актерлері ерекше танымалдыққа ие болды. Телеарна нарығында бұрынғысынша сұранысқа ие. Олардың көпшілігі бүгін де «Хабар» Агенттігімен шығармашылық байланыстарын үзген жоқ.
Алғашқы спорт жаңалықтары жеке айдар ретінде эфирге 1997 жылы шықты. 2002 жылы «Хабар» Агенттігі Пусанда өткен Азия ойындарына спорт журналистерін аккредитациядан өткізді. Сол уақыттан бері 4 жыл сайын ұйымдастырылатын континентальды жарыстарда «Хабар» Агенттігінің спорт журналистерінің ұжымы жұмыс істейді. Ұзақ уақыт бойы «Хабар» Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан баратын жалғыз телеарна болды: Бейжіңде (2008 ж.), Ванкуверде (2010 ж.), Лондонда (2012 ж) агенттік тілшілері спорт жаңалықтарын жеткізді. Тек Сочиде (2012 ж.) «Хабардың» журналистеріне басқа қазақстандық телеарналардың спорт комментаторлары қосылды.
«Хабар» ақпараттық қызметі инновацияларды, оның ішінде онлайн-қосылым, breaking news, телекөпірлерді белсенді қолдана бастады: Кәсіби телевизиялық техниканың көп бөлігі қазақстандық тележурналистика тарихында алғаш рет қолданылды. 1998 жылы «Хабар» live режимі бойынша «Мир» ғарыш станциясынан тікелей эфирге шықты. Талғат Мұсабаевтың орындауындағы «Көзімнің қарасы» әні «Хабардың» көрермені үшін ғарыштан тікелей эфирде естілді.
«Хабар» Агенттігі қашан да көрермені үшін әлемнің басқа елдерінде не болып жатқаны туралы ақпарат алудың маңыздылығын жақсы түсініп, алғашқы күннен-ақ халықаралық жаңалықтарды дер кезінде ұсынып тұруға аса көп көңіл аударып келеді. «Хабардың» шетелдегі өкілдіктерінде еңбек ететін журналистер – шет тілдерді жетік меңгерген білікті мамандар. Олар жасаған қызықты сюжеттер көрерменге оқиға орнында болып қайтқандай ерекше әсер береді. 25 жыл ішінде Қазақстан халықаралық аренадан берік орын алып, көптеген әлемдік үдеріске белсенді қатысып келеді. Еліміздің жылдан-жылға өсіп келе жатқан биік беделі мен ғаламдық мәселелерді шешудегі рөлі, Қазақстанның әртүрлі халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымы, сондай-ақ қазақ елі жайлы шетелдіктердің не ойлайтыны, оны қалай қабылдайтыны туралы да тілшілеріміздің сюжеттерінен біле аласыздар.
«Алматым – алғашқы махаббатым» ретро-фестивалі – ХХ ғасырдың екінші ортасында өмір сүрген замандастардың, Қазақстанның ірі қаласының, жалпы алғанда мемлекеттің естеліктерін сақтап қалуға негізделген, жыл сайын өтетін теңдессіз музыкалық фестиваль. 1999 жылы Дариға Назарбаева ескі ретро-шлягерлерді жаймашуақ ортада, ескі достардың арасында еске алуға мүмкіндік беретін фестиваль құруды ұсынды.
Бұл ойды әншілермен қоса «Хабар» телеарнасы да бірден қоштап, 2001 жылдан бастап фестивальді ұйымдастырды және 11 жыл бойы эфирде көрсеткен еді.
2002 жылдың 25 қазаны «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның ғана емес, бүкіл отандық телевизияның атаулы күні болып саналады. Оның себебі Қазақстанда тұңғыш рет Caspionet телеарнасы пайда болды. Бұған посткеңестік елдердің бірнешеуі ғана қол жеткізген еді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары нарығында алғаш болып тәулік бойы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) хабар тарататын Caspionet Қазақстанды әлемге танытатын арна ретінде қабылданды.
«Хабарда» жұмыс істеу – түрлі жобаларды бірлесе атқаратын, тосынсыйларға толы ұжымда еңбек ету. Жалпы телевизияда жеткен жетістікке қанағат тұтып, бір орында отырып қалуға болмайды. Өйткені көрермен үнемі тың жобаларды күтеді.
1995 жылы бірінші болып «Хабар – әскер», «Я – налогоплательщик», «Парламентская неделя», «Еркем-ай», «Майдан», «Сәлем, Қазақстан!», «ЭКОС» және т.б. бағдарламар шықты. Алғашқы үш жылдың ішінде 30-дай жоба жасалды. Олардың көбі әлі күнге дейін көрерменнің есінде.
2000 жылдары «Хабардың» эфирінде «Хабар News», «Бизнес-Хабар», «Хабар-жер» сияқты түрлі бағдарламалар шықты. 40-тан астам жаңа жобалар жасалды. Бүгінде бағдарламалардың сапасы арта түсуде, телеарнамыз көрерменнің көңілінен шығу үшін сапалы, қызықты дүниелер жасауды жалғастыра береді.
Телекөрермен: «Экранда тек шетелдік кейіпкерлерді ғана емес, қазіргі өмір тұрмысында өзін тани алатын қазақстандық өмірді көрсем», – дейді. Осы мақсатпен «Хабар» Агенттігі 2010 жылдан бастап бірталай үзілістен кейін өз телехикаяларын түсіруге кірісті.
Бүгінде «Хабар» арнасы мелодрама, комедия, детектив пен тарихи жанрдағы отандық телехикаяларды шығара отырып, Қазақстанның медиа саласындағы жаңа бағыты дамуының негізін салып отыр. Қазір үлкен мектептен өткен, алғашқы телехикаялар түсіруде мол тәжірибе жинаған қоюшы сценаристер, режиссерлер, жаңадан атағы шыққан актерлерден тұратын қазақстандық шығармашылық топ «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша тамаша отандық телехикаялар түсіре алады.
«Хабар» Агенттігі алғаш құрылған күннен бастап ірі бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастықтарының мүшесі болып, халықаралық телевизиялық қауымдастыққа қатысып келеді.
1998 жылы «Хабар» Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (АBU) толық құқылы белсенді мүшесі болды. Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы – радио және телевизияда хабар таратушылардың кәсіби қауымдастығы. Бұл одаққа әлемнің 52 елінен 102 ұйым кіреді. Одақтың алға қойған ұстанымы – радио және телевизияның хабар таратушыларының ұжымдық мүддесін қолдау, хабар таратушылар арасындағы аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. 2004 жылдың 20-27 қыркүйегі аралығында «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның ұйымдастыруы бойынша Алматы қаласында 41-ші Азия-Тынық мұхиты аймағының Бас Ассамблеясы өтті. Агенттік жыл сайын ABU-дың аясында өтетін тренингтер, кәсіби кездесулерге қатысып тұрады.
2002 жылдан бастап «Хабар» Агенттігі» АҚ Еуразиялық медиафорумға белсенді түрде қатысып, бастапқы жылдары форумның ұйымдастырушысының бірі болды. Форумда Еуразия аумағындағы БАҚ-ты дамытуға қатысты маңызды сұрақтар мен кәсіби мәселелер көтеріледі.
Еуразиялық медиафорумның негізгі рөлі мен миссиясы – мемлекетаралық сенімділік, ынтымақтастықты қалыптастыру, ұлтаралық қатынасты сақтау.
2004 жылы «Еуразия телевизия және радио Академиясы» халықаралық коммерциялық емес кәсіби ұйымына мүшелікке кіруге шешім қабылданды («ЕТРА»ХККҰ). ЕАТР-ның қызметі Еуразия елдерінде ашық ақпараттық және мәдени кеңістікті сақтауға, бұқаралық ақпарат құралдары әлемінде серіктестікті дамытуға бағытталған.
2013 жылы Euronews сияқты Еуропаның ірі телевизиялық холдингімен серіктестік келісімі жүргізіліп, Euronews Network бірлестігінің құрамына енді.
Бүгінгі «Хабар» Агенттігі – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт телеарнаның басын қосқан телеотау, олар: «Хабар» телеарнасы, «Kazakh TV» ұлттық спутниктік телеарнасы, тәулік бойы жұмыс істейтін «Хабар 24» ақпараттық телеарнасы мен «EL ARNA» киноканалы.
«Хабар» телеарнасы – қазіргі БАҚ кеңістігінде саяси, әлеуметтік мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді уағыздаушы. 25 жылдық тарихында мемлекеттік ақпарат саясатының сенімді хабар таратушы құқығын иеленді. Қазіргі кезде «Хабар» арнасында орыс және қазақ тілдерінде ондаған түпнұсқалы бағдарлама көрсетіледі. Эфирлік кестеде өзіндік шығарылымдағы бағдарламалармен бірге серіктестермен шығарылған жобалар, көркем және деректі фильмдер де бар.
«Хабар» дәстүрлі түрде тікелей эфирде Олимпиада ойындарын, Әлем чемпионаттары және тағы басқа әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстардың трансляциясын жасайды. Көрермендер назарына «Оскар» сыйлығын салтанатты ұсыну рәсімі, Eurovision сияқты мәдени өмірдің қызықты шаралары да ұсынылады.
«Kazakh TV» – Қазақстан Республикасының ең алғаш спутниктік ұлттық телеарнасы. «Kazakh TV» өзінің көрсетілімін 2002 жылдың 25 қазанында Caspionet арнасы ретінде бастады. 2016 жылы күздің екінші айында «Kazakh TV» және «Білім және Мәдениет» арналары бірігіп, қызметін «Kazakh TV» атауымен жалғастырды.
Бүгінгі таңда «Kazakh TV» – Қазақстанның мәдениеті, тарихы, дәстүрі мен заманауи шындығы туралы имидждік арна. Сондай-ақ Еуропа мен Азия тоғысқан жерінде орналасқан Қазақстанды танытатын бірегей телеарна болып табылады.
«Kazakh TV»– халықаралық «Со-Творение» журналистер байқауының жеңімпазы. Телеарнаның екі бағдарламасы әділқазылардың басты сыйлығы және байқаудың Гран-приін иемденген. «Кішігірім жұлдыздар» («Малые звезды») аталымында Сәкен Сейфуллинге арналған Faces of history жеңсе, «Шекара және уақытқа қарамай» («Сквозь границы и времена») аталымында «Беймәлім Достоевский» тақырыбымен Reflections on history бағдарламасы үздік атанды.
«Хабар 24» – Қазақстандағы алғашқы тәулік бойы хабар тарататын сандық ақпараттық телеарна. Ақпараттық телеарнаның эфирлік саясаты «Сағат сайын тың жаңалықтар» ұстанымымен жұмыс жасайды, ал жаңалықтардың арасы тақырыптық бағдарламалармен толықтырылған.
2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тәулік бойғы «24 KZ» арнасы «Хабар 24» деген жаңа атаумен шықты. Құрылғанынан бастап «Хабар» Агенттігінің құрамындағы «24 KZ» арнасының атын ауыстыру – «Хабар» Агенттігі» АҚ қайта жаңару аясындағы шараларының бірі.
EL ARNA – еліміздің кино және театр өнеріне арналған телеарна. Күн сайын тәулігіне 24 сағат хабар тарататын арна қазақстандық көркем фильмдер мен деректі жобалар ұсынады. Оған қоса арнаның кино қоржыны Түркі әлемі елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталармен толықты. EL ARNA эфирінде әр түрлі жанр мен форматтағы фильмдер көрсетіледі. Олардың қатарында қысқаметражды ленталар бар. Аталмыш санаттағы туындылар арнаның шығармашылық тобы түсірген жұмыстармен толығып отыр.
Бүгінгі таңда «Хабар» Агенттігі – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт арнаның телеотауы: «Хабар» телеарнасы, «Kazakh TV» ұлттық спутниктік телеарнасы, тәулік бойы жұмыс істейтін «Хабар 24» ақпараттық телеарнасы мен «EL ARNA» киноканалы.
Барлық арнаны Қазақстанның кез келген нүктесінен көруге болады, телеаудитория 99% қамтылған. Біздің телеэфир жаңалықтар, телехикаялар, көркем және деректі фильмдер мен ең талапшыл аудиторияның сұраныстарын қанағаттандыра алатын бағдарламалардан тұрады.