Хабар телеарнасы

Соғыс ардагері Тамара Максимова 100 жасқа толды

Майдангерді мерейтойымен десантшылар, әскери қызметкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері құттықтады. Оркестр соғыс жылдарындағы шығармаларды орындады. Тамара Максимова тамаша көңіл-күймен өзі сүйіп тыңдайтын әуенге вальс биледі.

Ол 9-шы сыныпты бітірісімен өзі сұранып, майданға аттанған. Мәскеуден Волоколамск тас жолындағы госпитальге барып, жараланған жауынгерлерге көмектескен. 1943 жылы ауыр жарақат алғаннан кейін елге оралады. Мектепті бітіріп, институтқа түскен. Филология ғылымдарының кандидаты, университетте дәріс береді. Госпитальде кездестірген жолдасы Константинмен 60 жыл бірге өмір сүрді.

Тамара Максимова, соғыс ардагері:
- Өмірді сүйемін. Әрбір күнге қуанамын. Мен үшін жасымның қаншаға келгені маңызды емес. Өмірім текке өткен жоқ. Әрдайым қоғамға, отбасыма пайдамды тигізуге тырыстым. Айтарым жалқау болмаңыздар. Үнемі қозғалыста болыңыздар. Менің ұзақ жасауымның сыры осы шығар.