Хабар телеарнасы

Туребеков Рахим Искенович (1915 жылы туған)

Turebekov Rahim

Туребеков Рахим Искенович 1915 жылдың қазан айының 5-жұлдызында Жаңаарқа өңіріндегі Иманақ тауының бөктерінде дүниеге келген. Негізінде құжат бойынша 1917 жылы туған. Үлкен шайқаста құжаттары жоғалып, қайта жасатқанда екі жасқа кем берілген екен.

Әкем қазіргі Спаск кентіндегі жеті жылдық мектепті үздік аяқтайды. Сол кезде ел басындағы ауыр кезең, ашаршылық, одан қала берді жаппай ауру белең алды. Сол себептен 1931 жылы Қарағанды қаласына отбасымен қоныс аударады. Отбысылық жағдайымен бір жыл кірпіш зауытында жұмыс істеп, 1932 жылы Семей қаласындағы геологиялық техникумға түседі. Оны 1936 жылы аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ университетіне түседі. 1941 жылы фашистік Германия тұтқиылдан Совет үкіметінің жеріне баса-көктеп кіріп, соғыс басталған жылдың шілде айында әскер қатарына шақырылып, Отан қорғауға аттанады. Содан генерал Рокосовскийдің армиясында екінші Беларусь майданының 389-бөлімшесінде жаяу әскерде пулеметші-артиллерист, аға сержант болады.

1941 жылдың 16 желтоқсанында ауыр жарақат алып, қайта соғысқа аттанады.

Мектепте тарих пәнінен сабақ бергенде осы соғыс туралы тақырып бойынша  бірқатар әңгіме айтушы еді. Бірақ өзінің ерліктері жайында көп айта қоймайтын. Бір әңгімесінен есімде қалғаны: 1945 жылы 8 наурызда Польша жеріндегі Меве-Диршау жолында үш адамнан тұратын басты барлауда болып, жеті немісті қолға түсіріп, тұтқындаған. Одан кейін сол жылдың 11наурызда Диршау деревнясын жаудан босатуда бірінші болып кіріп, екі немісті өлтірген.

Әскери тапсырмаларды орындаған кезінде көрсетілген ерлігі үшін аға сержант Туребеков Р.И. «Ерлігі үшін» жоғары үкіметтік медалімен марапатталуға лайық деп табылды. Мен әкемнің бір ғана ерлігі мен марапатын айтып отырмын. Қан майданнан 1946 жылдың наурыз айында аман-есен елге оралады.

Одан кейін ол өзінің еңбек жолын, өмірін тек ұстаз болуға арнап, 1977 жылы зейнеткерлікке шығады.

Әкем: «Менің екінші туған күнім 9 мамыр », – деп айтып отырушы еді. Жыл сайын сол күнді тағатсыздана, қуанышпен күтетін. Иә, менің әкем осындай. Мен әкемді айтып мақтанамын!

Авторы: қызы Туребекова А.Р.