Хабар телеарнасы

Сүйінғарин Келдібай (1926 жылы туған)

Suingarin Keldibay

Сүйінғарин Келдібай – Ұлы Отан соғысының ардагері 1926 жылы 15 тамызда Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданы, Тереңсай колхозында дүниеге келген.

1942 жылы толық емес орта мектепті аяқтап, ауылда есепші болып жұмыс істеп жүріп, отбасын құрған.

1944 жылы қараша айында Совет Армиясы қатарына шақырылып, 365-қосалқы атқыштар полкінде Ақтөбе қаласында әскери даярлықтан өтеді. 1945 жылы 1 сәуір I Беларусь майданына 269-атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа қатысқан, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Одер өзенінің бойында Берлин қаласына 12 шақырым қалғанда аяғынан ауыр жарақаттанып, әскери госпитальда емделеді.

1946 жылы мамыр айында елге оралып, Тереңсай ауылында бастауыш мектепке мұғалім болып орналасады. 1946-1949 жылдар мектепте қызмет етеді.

1950 жылы отбасымен Новоресей ауданы, Новоресей совхозына көшіп келіп, совхозда бухгалтер болып еңбек етеді. Совхоздың шаруашылығының өркендеуіне, ауылдың көркеюіне жасаған еңбектері бағаланып, көптеген мақтау қағазымен марапатталды.

Ұлы Жеңістің 25, 30 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. І дәрежелі Отан соғысы ордененін иеленеді.

1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына, Әскери күштердің 70 жылдығына орай медальдармен марапатталды.

1995 жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 50 жыл толғанда «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медалімен, 1997 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес Сүйінғарин Келдібай Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен марапатталды.

Зейнеткерлікке шыққанша дейін совхозда еңбек етті.

Авторы: қызы Сүйінғарина Ақасыл