Хабар телеарнасы

Төлеуов Қорабек Төлеуұлы (1913-1972 жж.)

Төлеуов Қорабек Төлеуұлы (1913-1972 жж.)

Бүгінгі бейбіт өмір үшін қан төгіп, жандарын қиған майдангерлердің ерлігі ұмыт болмауы тиіс.

Менің нағашы атам Қорабек Төлеуұлы 1913 жылы Гурьев облысы, Мақат ауданында дүниеге келген.

Ұлы Отан соғысына 1942 жылы Шымкент облысы, Мақтарал ауданынан шақырылып, атқыштар дивизияларында Волховский және Ленинградский фронттарында атқыш (стрелок, автоматчик) болып соғысқан.

Сонымен қатар 1944 жылдан бастап жауынгерлік техника мен әскери көліктер жүрісінің реттеушісі (регулировщик) қызметін атқарған. Үш рет ауыр, бір жеңіл жарақат алған. Волхов фронтының құрамында Ленинградты неміс басқыншыларынан қорғап, блокаданы бұзуына дейін шайқасқан болатын. Кейін, Ленинград фронтының құрамында Польшаны азат ету шайқастарына қатысқан.

Соғыстан 1946 жылы Польша елін азат еткеннен соң оралып, жарақаттанған аяғы мен көзінің ауырып, сыздайтынына қарамастан, совхозда гидротехник болып адал еңбек етті.

Жауынгерлік ерлігі үшін 10.12.1944 жылы «Красная Звезда» орденімен, 09.05.1945 жылы «За Победу над Германией», 09.05.1965 жылы «20 лет Победы в Великой Отечественной Войне», т.б. медальдарымен марапатталған.

Нағашы атам туралы осы ақпарат және марапаттау жөніндегі бұйрықтар Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің  «Подвиг народа 1941-1945» podvignaroda.ru және «Память народа»сайттарында орналасқан, әскери билеті мен наградтау қағаздары да сақталған.

«Әкеміз салмақты, байсалды, ақкөңіл және қонақжай кісі еді. Балдарын еңбекке баулып, адал болыңдар деп ақылын айтып отыратын. Соғыс жөнінде көп айта бермейтін. Соғыс туралы кинофильмдерді көріп отырған кезде көздеріне жас алатындығын байқайтынмыз»,– дейді ұл-қыздары.

Атамыз алты ұл-қыз өсіріп, бәрін оқытып, бір-бір мамандық иесі етті. Аллаға шүкір, Қорабек атамыздың артында қалған ұрпақтары бүгінгі таңда өсіп-өнген, үлкен әулетке айналды.

Міне, мен осындай текті тұлғаның, қазақ батырының  жиені болғаныма мақтанамын!

Авторы: Айгүл Ықыласқызы