Хабар телеарнасы

Семейде көктайғақтан жарақат алушылар саны артты. Өңір жаңалықтары

Семейде көктайғақ.

Салдарынан бір аптада 200 жуық адам ауруханаларға түсті. Дәрігерлердің айтуынша, травматологиялық бөлім лық толған. Қазір 40 орынға есептелген стационарда 50 тарта адам ем алуда. Соңғы күндері өңірде ауа райы мың құбылып тұр. Кеше қар аралас жаңбыр жауса, бүгін сақылдаған сары аяз. 

Шығыс Қазақстан облысында да көктайғақ, бұрқасын, аяз.

Мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына көшті. Ал дәрігерлердің шалғай ауылдардағы науқастарға жетуі қиындап кеткен.

Өр Алтайды бұрыннан қоныс еткен тұрғындар биылғы қыс ерекше қаһарлы деп отыр. Қаңтарда жауған жаңбыр Өскемен көшелерін мұз айдынына айналдырса, аудандардағы омбы қар кісі бойынан асқан. Сол себепті де облыс орталығының білікті дәрігерлері алыс ауылдарға құтқарушылармен бірге жолға шықты.

Ауа райының қолайсыздығынан еліміздің 12 өңірінде дауылды ескерту жарияланды.

 «Қазгидромет» кей аймақтарда қалың қар жауып, аяздың арты желге ұласатынын ескертті. Республиканың оңтүстік, шығыс және батысында боран соғып, көктайғақ болады. Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында жел екпіні секундына 23 метрге жетуі мүмкін. Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Түркістан, Ұлытау облыстарының бірқатар учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.