Хабар телеарнасы

АҚШ-тағы тәуелсіздік күні биыл жаппай оқ атумен есте қалатын болады

АҚШ-тағы тәуелсіздік күні мерекесі биыл жаппай оқ атумен есте қалатын болады. Бір күнде елдің 13 штатында 16 рет бейберекет оқ жаудыру оқиғасы тіркеліп, 15 адам қайтыс болды. 100-ге жуық бейбіт тұрғын жараланды.

Вашингтонда тоғыз адамға оқ тиіп, түрлі жарақат алды. Полицияның мәліметі бойынша қара түсті джиптен белгісіз біреулер бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған. Күдіктілер ұсталған жоқ. Сондықтан тәртіп сақшылары халықтан қандай да бір ақпарат білсе, хабарласуын өтініп көмек сұрады.

Лесли Парсонс, Вашингтон қалалық Полиция департментінің қызметкері:
-Біздің ауданның бірнеше тұрғыны 4 шілде күнін тойлау кезінде көшеде қара түсті жол талғамайтын көлік кілт тоқтап оқ жаудыра кеткен. Артынша оқиға орынынан тез із жасырған. Салдарынан 9 адам жарақаттанды. Оның ішінде ең кішкентайы 9 жастағы бала бар.

АҚШ-тың басты мерекесінде Вашингтонда ғана емес, бірнеше штатта жаппай оқ ату оқиғасы тіркелді. Луизиана, Филадельфия, Балтимор, Техас, Флорида және Чикагода болған бейберекет атыстан 100-ге жуық бейбіт тұрғын жараланып, 15 адам көз жұмды. Бір күн бұрын АҚШ президенті Джо Байден халықты құттықтаған сөзінде де негізгі басымдықты қару-жарақпен жасалатын зорлық-зомбылықтың жиілеп кеткеніне арнады. Ақ үй басшысы суық қарумен жасалатын қылмысты эпидемия деп атап, Конгресс қатаң заң қабылдауы керек деп мәлімдеді.

Джо Байден, АҚШ президенті:
-Конгресс балалар мен мұғалімдерді қорғау үшін қару-жарақ қауіпсіздігі туралы заңды тездетіп қабылдауы керек. Айтпақшы, мұғалімдерді қаруландыру бұл мәселені шешпейді.

Қару-жарақпен жасалатын қылмысты тіркейтін порталдың мәліметі бойынша 2023 жыл АҚШ үшін ең нашар көрсеткішпен тарихта қалмақ. Жыл басынан бері 350 жаппай оқ жаудыру оқиғасы тіркелді. Бұл бес жылғы көрсеткіштен екі есе көп. CNN-нің талдауы бойынша жылдың басқа уақыттарына қарағанда жаз мезгілінде жаппай оқ ату көп болады екен.

Авторы: Нұрбек Бекен