Хабар телеарнасы

Лондонда «Жасыл» сутегі өндірісі талқыланды

Үкімет жоспары бойынша 2060 жылға қарай еліміз көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі тиіс. Бұл мақсатта «жасыл» сутегі өндірісін дамыту және оны сыртқа экспорттау межеленіп отыр. Британиялық сарапшылар Лондонда бас қосып, экологиялық таза отын өндірісін Қазақстанда жетілдіру мәселесін талқылады.

Қоршаған ортаға зиян келтірмейтін «жасыл» сутегі жел, күн сияқты жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Ғалымдардың пайымдауынша, ол болашақта мұнай, газ және көмірді алмастыруы мүмкін. Еліміздің кейбір өңірлерінде жыл бойы күшті жел соғып, күн сәулесін шашып тұратынын ескерсек Қазақстанның «жасыл» сутегі өндірісін дамытудағы әлеуеті зор.

Алекс Симаков, Policy еxchange сараптамалық орталығының аға ғылыми қызметкері:
-Қазақстан соңғы 30 жыл әлемге энергия экспорттау бойынша 9-орында келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, алдағы 20-30 жыл ішінде зор жетістіктерге жетуге мемлекеттің мүмкіндігі мол. Біз Ұлы дала елін «жасыл» сутегі өндірісінің Орталық Азиядағы орталығы ретінде қарастырып отырмыз. Бұл көшбасшылық рөлге Қазақстан әбден лайық.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі ұйымдастырған шара барысында «жасыл» сутегі өндірісіне инвестиция тарту бойынша ел Үкіметінің атқарып жатқан жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ осы салада шетелдік инвестордың аяқ алысы да сөз болды. Қазақстанға инвестиция құйғысы келетіндерге Британ үкіметі қандай қолдау көрсететіні туралы да әңгіме қозғалды. Шараға әлеуетті инвесторлармен қатар консалтинг қызметімен айналысатын компаниялардың өкілдері қатысты.

Cаймон Спунер, эколог-ғалым:
-Біздің мекеме Таяу Шығыста, Сауд Арабиясында және басқа да көршілес мемлекеттерде осыған ұқсас бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Қазақстандағы сутегі экономикасының дамуына қандай үлес қоса алатынымызды түсіну үшін, қандай озық технологиялар енгізуге болатынын білу үшін осы шараға қатысып жатырмыз.

Бүгінде Ұлыбритания сутегі экономикасы дамыған елдердің бірі. Тұманды Альбион 2030 жылға қарай энергетиканың үштен бірін сутегіге ауыстыруды межелеп отыр. 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. «2050 жылға қарай нарық көлемі 13 миллиард стерлинг фунтына бағаланады»,— дейді биліктегілер.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы