Хабар телеарнасы

Қазақстандық көмек Таяу Шығысқа жетті

Палестина халқына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кезекті гуманитарлық көмек Мысырдағы Эль-Ариш әскери әуежайына жеткізілді. Жалпы салмағы 38 тонна дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, көрпе төсеніш пен киім-кешек және азық-түлік, Египеттегі Қызыл Жарты ай ұйымына табысталды. Айта кету керек, еліміз қазіргі уақытта Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық кеңесі ұйымының төрағасы ретінде көрсетіп отырған, екінші гуманитарлық көмек бұл. Еске сала кетсем, қазан айында Президент Палестина халқына 1 млн доллар бөлінетінін мәлімдеген еді. 

Ахмет Әл-Бахейри, «Қызыл Жарты Ай» қоғамының өкілі:
-Қазақстаннан 40 тоннаға жуық жүк келді. Оны уақытша қоймаға қоямыз да сол жерден мұқтаж адамдарға теңдей бөліп белгілейміз. Жүк сосын БҰҰ өкілдерімен бірге Рафах бекеті арқылы Газа Секторына жөнелтіледі.

Палестинаға гумантирлық көмек апарған ұшақ бос қайтқан жоқ. Газа секторынан шығарылған 28 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелерін елге алып қайтты. Бұл екінші эвакуация миссиясы. Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің пәрменімен 17 қарашада 99 қазақстандық пен олардың жақындары шығарылған еді. Біздің дипломаттар мәлімдегендей, соғыс ошағында әлі бірнеше отандасымыз қалып отыр. Елшілік қызметкерлері қазір олармен байланыс орнатып, қауіпсіз аймаққа алып шығуға күш салып жатыр. Ал құтқарылғандарға елге бейімделу үшін құқықтық, психологиялық, медициналық және басқа да қажетті көмектер көрсетіледі.

Оксана Хеллес, жергілікті тұрғын:
-Менің 5 балам бар еді. Екі апта бұрын қызым қаза тапты. Ол жүкті еді, отбасымен бірге бәрі көз жұмды. Газадағы ахуал өте күрделі. Бұл үрейден қалай құтылатынымды білмеймін. Жарылыс пен атыс тоқтамайды. Ғибадат үйіне де, ауруханаға да, мектепке де жасырындық. Бәріне соққы жасалды. Аштық пен ауызсу тапшылығы әбден азытып жіберді. Бізді құтқаруға атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз.