Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Кипр арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін

Қазақстан мен Кипр арасында визасыз режим орнатылып, тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бүгін қос елдің Сыртқы істер министрлері осы тақырыпта әңгіме өрбітті. Мұрат Нұртілеу Астанаға жұмыс сапарымен келген Кипр Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен кездесіп, тараптардың қарым-қатынасын талқылады. Соңғы жылдары арадағы байланыс күшейіп келеді. 20 жылдың ішінде Кипрден елімізге 4 млрд доллардан астам инвестиция тартылып, Қазақстанда 300-ден астам Кипр компаниясы жұмыс істеп жатыр. Жақында Астанада аталған елдің елшілігі де бой көтеруі мүмкін.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:
-Былтыр Сыртқы істер министрліктері деңгейінде біз тұңғыш рет саяси консультациялар өткізген болатынбыз. Соның нәтижесінде көріп отырсыздар, біраз мәселенің басы көтеріліп, бірнеше құжатқа қол қойылатын болады. Әсіресе озық технологиялар, ауылшаруашылығы, туризм, көлік, логистика сияқты маңызды салаларға айрықша назар аударылды.