Хабар телеарнасы

Ұлттық ғылым академиясы кәсіпкерлермен кездесті

Қазақстанда ғылым мен бизнестің арасында байланыс жоқ. Ал ғалымдардың жобаларын өндіріске енгізу үшін тараптардың әріптестігі ауадай қажет. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.

Ұлттық ғылым академиясы олқылықтың орнын толтыру мақсатында кәсіпкерлермен кездесіп, қоян-қолтық жұмыс істейтін боп келісті.

Академия Президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, елімізде ғылымды дамытудың жаңа стратегиясы әзірленеді. Әсіресе аймақтардағы ғалымдарға басымдық берілмек. Ал ол үшін өңірлерде ғылыми-зерттеу институттары ашылуы тиіс. Ғылыми жобалардың тиімділігі де күмән тудырады. Себебі ғалымдар кейде ашқан жаңалығын өндіріске енгізуде қиындықтармен кездеседі.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Шетелдің тәжірибесін көрдім, қалай істейтінін. «Егер біздің әзірлемелеріміз нақты өндіріске қызықты болатын болса, өндіріске тиімді болатын болса, шетелдің ғалымдары, сіздерге де біз сияқты сіздердің де бизнестеріңіз келіп, кезекке тұрып, өздері сатып алады», - дейді. Бізде мәселе сонда. Бірінші кезең, бірінші қадам, біздің ғылым тиімді болу керек.