Хабар телеарнасы

Астық нарығында жағдай қалай?

Әлемді алаңдатқан мәселелердің бірі – қуаңшылық. Оның кесірі аграрлық салаға тиіп отыр. Еліміздегі астық одағының өкілдері бірқатар күрделі мәселенің барын алға тартады. Биыл қамба тола ма? Астық нарығында ахуал қандай?

Қазір шаруаларды зиянкес жәндіктердің көбеюі мен қуаңшылық қана алаңдатпайды. Жерді пайдалану шектелді. Енді тарифтер төмендеп жатыр. Астық нарығындағы шаруашылықтар өз өнімдерін 3 есе төмен бағада сатуға мәжбүр болып жатқанын айтады. Қазір бір тонна бидай – 85 мың теңге.

Арзамат Гурсаев, шаруа:

- Ауыл шаруашылығының өніміне баға күрт төмендеп барады. Биыл өте қиын жыл болып тұр. Шығынға батып барамыз. Несиелеріміз бар. Жұмысшылардың айлығы бар. Не істерімізді? Білмейміз.

Бағаның күрт төмендеуіне сыртқы нарықтың да әсері бар. Мамандардың айтуынша Ресей астығы арзан бағада елге келеді. Өйткені ондағы егіншіліктің шығыны аз. Сондықтан ел нарығында импорттың көрсеткіші жоғары. Ал Қазақстандағы өнімнің артығы саудаға шығарылмай тұр. 

Нұрлан Оспанов, Қазақстан астық одағының төрағасы:

- Біз Үкіметтен осы мәселеге назар аударуын сұраймыз. Қазақстан жылына 12-13,5 млн тонна астық өндіреді. Ал оның жартысы елдегі нарықты толық қамтуға жетеді. Бірақ экспорттың көздері де азайып келеді. Өйткені біз астық сататын нарықтарға да Ресейдің арзан өнімі кірді.

Ал қалған өнімді бұдан да төмен бағада сату – елдегі шаруаларға тиімсіз. Биыл 3 млн тоннаға жақын артық бидай нарықтан қалып қойған. Бұл – 286 млрд теңге деген сөз. Одақ өкілдері сырттан заңсыз кіретін өнімдердің де бар екенін айтады. Олар Транзиттік тарифті төлемеу үшін Қазақстандық өнім ретінде экспортталады. Сондықтан астық одағы импортқа шектеу қажет дегенді алға тартады.

Қазбек Омаров, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:

- Автотранспортпен келетін импортты шектеу керек. Өйткені шекарада бидай өлшейтін таразының өзі жоқ. Мысалы, құжатта 10 тонна деп жазылып, 20 тонна бидай тиеп алып келсе, оны ешкім тексере алмайды. Екіншіден, ол келген астықтың салығы төленіп жатыр ма, жоқ па, оны да ешкім білмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, қазір автотранспортпен тасымалдау 6 айға шектелген. Оны ұзарту Еуроодақ талаптарына сай келмеуі мүмкін. Осы мораторий уақытында шекаралардағы тексерісті қатаңдату үшін жабдықтар да жаңарып жатқан көрінеді. Ал нарықта артық астықтың қалуы дабыл соғатындай мәселе емес. «Өйткені 3-4 жылдық көрсеткіштерге қарап, ештеңе шеше алмаймыз», - дейді маман. Бұл геосаяси ахуалға да байланысты. Көңілге демеу болатын жайт қазір жаңа экспорт көздері ашылып жатыр. 

Шәймерден Ахметов, ҚР АШМ департамент басшысының орынбасары:

- Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жеткізерде транзиттік тарифтерді біршама төмендетіп, астықты Ресей астығына қарағанда бәсекеге қабілетті ету бойынша келісімдер жасадық. Түркіменстан арқылы жеткізу қарастырылып жатыр. Одан бөлек Қытай нарығы бар. 

Бұл мәселе шешілмесе, шаруалар астық өнімін азайтамыз»,- деп отыр. «Қолындағы жерді басқа бағыттарда пайдалануға Үкімет қол ұшын созса екен», - дейді. Бірақ министрлік өкілдері: «Бұл – мәселенің шешімі емес», - деген пікірде. Өйткені бағыт өзгерсе, барлық технология да өзгеруі тиіс. Ал ол қыруар қаржыны талап етеді. Дегенмен құзырлы министрліктегілер мәселені шешудің барлық жолы қарастырылатынын жеткізді. 

Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Әлібек Әлиев