Хабар телеарнасы

Үкімет ел экономикасының алдағы үш жылына болжам жасады

Консенсус-болжамға сәйкес, 2024 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 80 АҚШ долларына жетеді. Сондықтан Үкімет 3 жылдық бюджетке осындай бағам белгіледі. 2027 жылға дейін еліміз 3 сценарий бойынша дамуы мүмкін. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз болжамымен бөлісті. Базалық сценарийге сәйкес, мұнайдың орташа бағасы барреліне 85 АҚШ доллары болады.

Жалпы ішкі өнім 3,9% дейін өседі. Ал оптимистік сценарий орындалса, мұнай бағасы 110 АҚШ доллары, ал экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2% жетеді. Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60 доллар және жалпы ішкі өнім тек 3,5% болады. Инфляция 3 сценарийде де төмендей түспек.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі: 
- Келесі жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 5,3% құрайды. Кейін 2028 жылы 6% дейін өседі. Номиналды ВВП 135 трлн теңгеден 2028 жылы 219 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында өсу күтілуде. 

Қанша қаржы бөлінсе де жаңа кен орындары ашылған жоқ. Үкімет басшысы лицензия алған компаниялардың әрекетсіздігін сынға алды. Соңғы жылдары елдегі хром, алюминий, мырыш, мыс, қорғасын қоры азайған. Сирек металлдарды барлау ісі де баяу. Сондықтан Әлихан Смайылов жаңа жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ елдегі барлық кен орындарында ревизия жүргізіліп жатқанын еске салды. Өз міндеттерін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың лицензиялары алынып, келісімшарттары бұзылады.