Хабар телеарнасы

Ұлттық қордың ақшасы балалардың шотына 1 ақпанда аударыла бастайды

Еліміздің Қаржы министрлігі мәлімдеме жасады. 2024 жылдың ақпан айынан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында алғашқы төлемдер жасалады. Ата-аналар балаларының құжаттарын қадағалап, мәліметтер базасынан шет қалмауға қазірден қамданғандары абзал.

Айта кетейік, Президент тапсырмасы негізінде іске асатын жоба шеңберінде қаражат Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 50% мөлшерде елдегі бала санына теңдей бөлінеді. Жеткіншек кәмелет жасына толған кезде жинақталған қаражатты 10 жыл ішінде тек екі мақсатқа – оқу немесе баспана жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Аталған мерзімде ақшаны алмаса, ол баланың зейнетақы жинақ қорына автоматты түрде өтеді. 

Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігінің департаменті директоры:
- Егер де қандай да бір себептермен, адами факторлардың есебінен азаматтардың мәліметтер базасынан түсіп қалғандай болатын болса, тіпті ондай күннің өзінде де ол балалар қаражатсыз қалмайды. Оған мәліметтер базасына қосылғаннан кейін, мысалы, биылғы жылы тізімде ол болмай қалса, ол мәліметтер базасының тізіміне қосылса, келесі жылы, сол келесі жылы алатын төлемнің үстіне өткен жылдың төлемі қоса жасалып отырады.