Хабар телеарнасы

Қазақ-Қытай сауда айналымы артты

Қытаймен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 32 жыл. Қазір екі елдің сауда-экономикалық стратегиялық әріптестігі нығая түсті. Биыл 30 астам үкіметаралық құжатқа қол қойылды. 80 жуық коммерциялық келісім жасалған.

Бұл жөнінде елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды Бейжіңде таныстыру кезінде айтылды. Қытай сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бағытын жоғары бағалады. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші: 
- Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық деңгейге жетті. Биылдың өзінде жалпы сомасы 38,5 млрд долларға коммерциялық, инвестициялық, технологиялық өндіріске қатысты келісім жасалды. Әсіресе виза, автомобиль тасымалы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Аягөз-Тачэн теміржолын бірлесіп салу жөніндегі меморандумдар ерекше маңызға ие болып отыр.

Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының мәліметі бойынша пандемия мен геосаяси факторларға қарамастан 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31 млрд доллардан асты. Биылғы жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 32,7 млрд долларға жетті. Ал қос мемлекет арасындағы жүк тасымалының көлемі - 26,1 млн тонна. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4% артық.

Көлік логистикасы, транзитті арттыру бағытында шекарадағы барлық автомобиль бақылау-өткізу бекеттерінде жұмыс қайта жанданды. Пилоттық жоба ретінде «Нұр Жолы»-«Қорғас» бекеті 24 сағат режимде жұмыс істеп тұр. Алакөл-Алашанькоу, Бақты-Покиту, Қалжат-Дулаты, Майқапшағай-Зимунай бекеттері тәулігіне 12 сағаттық жұмыс режиміне ауысты. Мұндай қадам көрші елдер арасындағы байланысты сауда айналымын арттыруға рекордтық деңгейге жеткізіп отыр.

Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы елшісі: 
- Пандемия мен геосаяси факторларға қарамастан биылғы 10 айдың көрсеткіші былтырғы жылдан асып кетті. Біздің мемлекет басшыларының 2030 жылға дейін сауда айналымды 40 млрд долларға дейін жеткізу туралы келісім бар. Сауда-экономикалық байланыс дәл осындай қарқынмен жалғасса, меже мерзімінен бұрын орындалады

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға арналған дөңгелек үстел Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде ұйымдастырылды.

Ли Юнцюань, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы институт директоры: 
- Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында саяси, экономикалық және дипломатиялық салаларда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Менің ойымша, Мемлекет басшысының қазіргі кезеңдегі басты миссиясы – күрделі геосаяси жағдайда елдің даму мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Оның жігері мен жағдайды бағамдау қабілеті - Қазақстанның одан әрі өсуінің кепілі. Сонымен қатар Орталық Азия мен бүкіл Еуразия кеңістігінің тұрақтылығы үшін де үлкен маңызға ие.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Дөңгелек үстел барысында қос тарап саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Қытайлық сарапшылар Қазақ-Қытай достығының зор болашағына тоқталып, Қазақстанның жетекші талдау орталықтарымен тығыз байланыс орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы