Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы «Отдел журналистских расследований» бағдарламасымен толығады

Әр істі майшаммен қарайтын арнамыздың тілшілері қалың елді шынайы әрі дәлме-дәл ақпаратпен сусындату үшін еш нәрседен тайсалмайды. Қоғамды толғандырған мәселелердің бүге-шүгесіне дейін баяндап, оқиғаларды қаз-қалпында жеткізеді. Күрмеуі көп түйткілдің тереңіне үңілген тілшілеріміздің туындысын әр сенбі сайын тамашалай аласыздар. 20:15-те бағдарламаның алғашқы бөлімі дүйім жұрттың назарына жол тартады. Онда Bek Air ұшағына қатысты апаттың жай-жапсары көрсетіледі.

Айгүл Әділова, «Отдел журналистских расследований» жобасының жетекшісі:

- Біздің ұжымның мақсаты – жауапсыз қалған оқиғаларды халыққа түсінікті етіп жеткізу. Бәлкім ол жемқорлық мәселесі немесе сотқа дейін барған атышулы істер болуы мүмкін. Осындай қалың көпшіліктің жағасын ұстатқан оқиғалардың тереңіне үңіліп, шындыққа көз жеткізсек дейміз. Өкінішке қарай мұндай істер аз емес. Сол үшін нар тәуекелге барып, кәсіби тұрғыда журналисттік зерттеу жүргізуді қолға алып отырмыз.