Хабар телеарнасы

Ақмола облысында су тасқынын болдырмау шаралары жүргізілуде

Атбасарда соңғы рет 2017 жылы қызыл судан 400-ден астам үй жарамсыз күйде қалған болатын. Зардап шеккен халық биыл да алаңдаулы.

Дамир Берікұлы, тілші:

- 2017 жылғы су тасқыны кезінде Жабай өзеніндегі су шектік деңгейінен асып түсіп, яғни көпірдегі өлшем бойынша 6 метрден де жоғары көтеріліп, маңайдың барлығына су жайылған болатын. Мамандар биыл да сол жағдайдың қайталануынан қорқады. Сондықтан аймақта сақтық шаралары күшейтіліп жатыр.

Сақтық шараларының бірі – елді мекендерді қардан тазарту. Жергілікті әкімдік берген мәліметке сүйенсек, Атбасар қаласының өзінде қазір 50 мың текше метрден астам ақ ұлпа сыртқа шығарылыпты. Одан бөлек суағарлар тазартылып, өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілген. Ал тасқынның алдын алу және салдарымен күресу үшін 4 арнайы отряд жасақталған. Әрқайсысының құрамында 25 адам бар. Олар бірнеше техника, су соратын қондырғылармен жабдықталған. Жергілікті билік өкілдері: «Әуелі бөгеттің сыр берген жерлерін жөндедік», – дейді.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- 2015 жылы бөгет құммен салынған. 5 жыл өтті. Жыл сайын шайылып жатыр. Бірақ қаланың тұсынан өтетін 6 учаскені қайтадан жамап, қадағалап, саз-балшықпен жауып, қосымша жөндеу жұмыстарын жасадық.

Алайда жергілікті тұрғындар: «Өзеннің табанын тереңдетпе, мәселе шешілмейді», – дейді.

Қуан Байқабылов, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Өзеніміз терең болды. Су көтерілмейтін, 2017 жылы көтерілді. Өзен саязданып бара жатыр.

Мұрат Үндібай, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Өзеннің бойы тазаланбайды. Сол себептен деп ойлаймын. Тазаласа, су тасқыны ағынмен-ақ кетеді. Әйтпесе тұрғындар 70 жыл бойы осы жерде тұрып келеді.

Алайда ақсақалдардың талап-тілегі ескерілмей отыр. Салдарынан соңғы 6 жылда Атбасарды екі рет су басты.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- Өзеннің арнасын тазарту үшін сметалық құжат жұмыстары басталған. Сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Соны күтіп отырмыз. Мемлекеттік сараптамадан шықса, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс. Биыл сол жұмыстың басталуын күтіп отырмыз.

Аудан әкімдігі өзеннің арнасын тазалаудан бөлек ауқымды жоба әзірлеген. Ол – су басу қаупі бар аймақтарда тұратын 500-ге жуық отбасын арнайы тұрғын үйлер салып, көшіру. Бірақ жобаны Үкімет бекітпеген. Ал қар далада да, қалада да көп. Атбасар халқы алаңдаулы.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко