Хабар телеарнасы

5 мың қазақстандық турист елге жеткізілді

Рұқсат етілмеген уақытта жұмыс істеген дәмхана, мейрамхана мен той-жиын өткізгендер жауапқа тартылады. Себебі мұндай жиын айналадағы адамдарға қауіп төндіреді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі мәлімдеді. Дәурен Абаевтың айтуынша, сырттан жеткізілген азаматтар қатаң бақыланады. Франция, Иран, Испания, Германия мен Италиядан келгендер 14 күнге карантинге жатқызылады. Басқа елдерден оралғандар тест тапсырып, 1 күн карантинде болады. Төтенше жағдай жариялағалы 5 мың турист елге жеткізілген. Бүгін тағы 145 қазақстандық шетелден оралады. Азаматтарды елге жеткізумен «Туристік қамқор» қоры айналысуда. Қазір елде вирусты анықтайтын 60 мың сынақ бар. Жақында тағы 150 мың тест әкелінеді. Демеушілер көмегімен тағы 100 мың тест алынбақ. Бұдан былай коронавирус бойынша барлық ақпаратты министрдің өзі хабарлап отырады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Ендігі кезектегі мәселе білім беру саласына қатысты. 2020 жылғы 6 сәуірден бастап қазақстандық мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Қазір Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыру механизмдерін пысықтауда. Бұл жөнінде барлық жаңалықты жақын уақытта хабарлаймыз. Сондықтан түсіністік танытып, ресми мәлімдемені күтуді сұраймыз. Қазір мектептер мен мұғалімдерді сұрақтың астына алып, айыптаудың реті жоқ. Бұл мәселе Үкіметтің құзыретінде. Біз барлығын алдын ала хабарлаймыз.