Хабар телеарнасы

Алматыдағы сауда орындары жұмысын бастады

Бірақ бір жақсысы: бұл көрініс ұзаққа созылмайды. Бәрі де біртіндеп қалыпты жағдайға орала бастағандай. Мысалы, Алматыда дәмхана мен мейрамханалар, сауда, ойын-сауық  орындары көп. Карантин кезінде олардың барлығы екі айдан астам уақыт жабық тұрды. Ал енді карантин талаптары жеңілдетілген соң қайта жұмыстарын бастады. Барлығына ортақ талап санитарлық тазалық нормаларын сақтау керектігі ескертілген.

Бұл дәмхананың иесі де, қызметкерлері де: «Карантиннің тәртібін жақсы білеміз», – дейді. Кіребіресте адамның дене қызуын анықтайтын құралдары бар. Даяшылары түгел маска мен қолғап киген. Екі ай бұрын есігі жабылса да, ас мәзіріне тапсырыс берушілердің сұраныс орындап, тағамды қалаған жеріне жеткізіп отырыпты. Алайда әдеттегі пайдасынан қағылған. Сондықтан әкімшіліктің жұмыс істеуіне рұқсат беруін асыға күткендерін айтады. Барлық қызметкер жұмысқа шықты.

Ләззат Есен, даяшы:

- Администратор күнде таңертең және кешке температурамызды өлшейді. Қонақтар қауіпсіздігі үшін біз маска және қолғап киеміз.

Дәмхана мен мейрамханалардың барлығына жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Тек жазғы алаңдар ғана ашық. Орындықтардың арасы екі метрден тұруы керек. Бір орындыққа 4-5 адамнан отырғызуға болады. Бірақ жазғы алаңдар ашылды екен деп асықпаңыз. Өйткені тағам бағасы бірінде қымбат, бірінде бұрынғыдай.

Кәміл Даутов, дәмхана басқарушысы:

- Біз тағам бағасын өсірген жоқпыз. Егер ас мәзірін қымбаттатып жіберсек, келушілер азаяды. Тазалықты сақтауға тырысамыз.

Жазғы алаңдармен қатар ірі сауда-саттық кешендері де ашылды. Олардың ашылуын қала тұрғындары да асыға күткені анық. Орталықтағы сондай кешеннің біріне кіру үшін адам кезегі болғанын да байқадық. Кіреберіс есікте дезинфекциялық шашыратпа, антисептиктер мен бір сәтте 30 адамның дене температурасын анықтайтын құрал орналастырған. Есіктен ентелей кіргендердің көбі киім-кешек алуға асығуда.

Алматыда сауда нүктелері, дәмханалар мен қызмет көрсету орындары – жалпы 4 мыңға жуық мекеме жұмысын бастады. Орташа есеппен 250 мың адам жұмысқа шығады деп жоспарланған. Десе де, жазғы алаңдар ашылды екен деп банкет өткізуге болмайды. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев