Хабар телеарнасы

Алматы облысында индустрияландыру картасы бойынша 70 жоба жүзеге асты

Мемлекет кейбір компаниялардың шығынын жабуға көмектессе, енді біріне жеңілдетілген несие беріп, консалтингтік көмек көрсетті. Ол өз кезегінде өндірістік өнім көлемін 1 трлн теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді. Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылғанын да айта кетейік.

Талдықорған аккумулятор зауыты бұл күнде Жетісу өңіріндегі өндірістік алпауыттардың біріне айналды. Отандық ірі экспорттаушы да осы зауыт. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұралаудың аз-ақ алдында тұрған кәсіпорын еді. Қондырғылары әбден ескіргендіктен, өнімділік өте төмен болатын.

Тоқыраудан шығуға мемлекет көмектесті. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының арқасында жылына 3 млн аккумулятор батареясын шығаратын деңгейге жетті. Бұрындары бұл көлем 300-ден аспайтын. Өндірістік цехтардың толықтай жаңартылуы арқылы қазақстандық бренд пайда болды. Үкімет кәсіпорынды аяғынан тұрғызуға 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы салды. Бұл жұмыстар бүгінге дейін жалғасып келеді. Жақында Австриядан жаңа жабдықтар сатып алынды. Зауыт жұмысшылары оны әлі қосып үлгермеген. Мына желі арқылы тәулігіне 10-11 мыңға жуық аккумулятор шығады. Өнімдерін көршілес Қытай Халық Республикасына бірнеше рет экспорттап үлгерді. Қиыр Шығысқа шығу жоспары да бар. «Зауыт болашақта жылына 10 млн дана батарея өндіруді көздеп отыр. «Оған жету үшін бізге мемлекеттік қолдау ауадай қажет», – дейді мамандар.

Бақытгүл Күдеринова, зауыттың қаржылық директоры:

- Қазақстандағы қорғасынды толық аккумуляторға аудару мүмкіншілігі бар. Бұл алдымызда тұрған жоспар. 10 млн аккумулятор шығарсақ, сол кезде біздің жұмысшыларымыз да 2,5-3 есе көбейеді деп ойлаймыз.

Мемлекеттік қолдауға ие болған талдықорғандық кәсіпорынның тағы бірі электротехникалық жабдықтар шығаратын зауыт. Мемлекет өткен жылы бұл өндіріс ошағының жұмысшыларын шетелдерде оқытуға жұмсаған қаржысын толығымен өтеп берді.

Данил Титов, зауыт директоры:

- Біз күрделі технологиялық өнімдерді шығарумен айналысамыз. Сондықтан сертификаттауға өте көп қаржы жұмсалады. Мемлекет зауытқа бұл тұрғыдан үлкен көмек көрсетіп отыр.

Индустияландыру картасына сәйкес Алматы олысында 70-ке жуық ірі жоба жүзеге асты. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылды. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер 500 млрд теңгені еңсерсе, өндірістік өнім көлемі 1 трлн теңгеге жетті.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев