Хабар телеарнасы

«Қарапайым заттар экономикасын» жүзеге асыруда Маңғыстау облысы көш бастап келеді

Осылайша отандық өнім үлесі арта бастады.

Сонымен қатар Президент былтырғы жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып, жергілікті билікке тұрғындармен кері байланыс орнатуды тапсырған болатын.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Енді маған қандай мемлекеттік жәрдемақы тиесілі екенін білу үшін я болмаса жеке шаруамды жергілікті билікке жеткізу үшін әкімдікке барып, қажетті маманды іздеп, есік күзетудің қажеті жоқ. Аймақтағы әр қала мен аудан әкімдіктерінде Telegram-чаттары ашылды. Осында кіріп, қажетті сауалыңды қойып, мамандардан тікелей жауап алуға болады.  

Халықпен тікелей байланыс орнату мақсатында облыс басшысынан бастап барлық деңгейдегі әкімдер апта сайын әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап бере бастады. «Ашық әкімдік» жобасы арқылы Ақтау әкіміне 12-ші шағын аудан тұрғындары өтініш білдірген еді. Араға апта салмай, мәселе шешімін тапты. Тар аулаға құрылыс нысанын тұрғызбақшы болған кәсіпкерге тыйым салынды.

Билік пен бұқара арасындағы диалог ұдайы жүргізілгенде ғана қоғамда тұрақтылық орнап, еліміз қарыштап дамиды.

Әсем Сартбаева, Қоғамдық коммуникация орталығы басшысының орынбасары:

- «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Иә, расымен билік бұқараға барынша жақын болуы қажет. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарап емес, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы қажет. Бұл Маңғыстау өңірінде іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Түрлі деңгейдегі әкімдік өкілдері тікелей эфир арқылы тұрғындармен тікелей байланысқа шығып, сұрақтарына жауап беріп жатыр. Бұл әсіресе осы карантин кезінде өте тиімді деп есептеймін.

Мемлекет басшысы соңғы жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ерекше көңіл бөлуді де тапсырған болатын. Осы орайда облыста күнделікті қолданатын тауар шығарушы кәсіпкерлерге 64 млрд теңге көлемінде жеңіл несие берілді. Бүгінде азық-түлік, жиһаз сынды халыққа қажетті қарапайым өнімдер өңірде өндіріле бастады. «Бұл бағдарлама тұтынушы тұрғындар үшін де, оны өндіруші кәсіпкерлер үшін де тиімділігін көрсетіп жатыр», – дейді облыс әкімі.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Егін шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар шығаратын «ҚазАзот» деген компания бар. Онда 1000-нан астам қызметкер жұмыс жасап жатыр. Оның көлемін ұлғайту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына сәйкес тағы да несие алып, осыны дамыту мақсатында жұмыстар жасап жатыр. Бұл – біз үшін өте маңызды бағдарлама. Мақсат – осы жерде өнім өндіретін, осы жерде қызмет жасайтын компанияларды қолдау. Яғни бір затты сатып алатын болсақ та, мемлекеттік бюджеттен, жергілікті компаниядан сатып алуды біз қадағалаймыз.

Өңірдің дамуына серпін берген мемлекеттік бағдарламаның бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020». Бұл – пандемия кезінде елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды түзеу үшін арнайы қабылданған бағдарлама. Осы бағдарлама бойынша дәл қазір өңірде 148 жоба жүзеге асып жатыр. Тозығы жеткен жолдар жаңарып, мектеп пен ауруханалар жөнделуде. Ең бастысы 8 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев