Хабар телеарнасы

Алматылық тұрғындар бетон зауытының көшірілуін талап етіп отыр

Айтуларынша зауыт қоршаған ортаға зиян келтіреді. Өндірістен шығатын шаң-тозаң айналаны ластап жатыр. Салдарынан зауыт қасында тұратын жандардың демікпелері қозып, аллергияға ұшырай бастаған. Алайда зауыт басшылығы экологияға ешқандай нұқсан келтіріп жатқан жоқпыз дейді.

Зейнеткер Ирина Лезина – осы көшенің байырғы тұрғыны. Жылда мол өнім беретін бақшасындағы жүзім биыл ерте қурады. Өйткені өсімдік жапырақтарына бетон зауытынан шығатын цементтің аппақ қалдықтары қонады. Бұл – бір ғана зейнеткердің басындағы жағдай емес. Көршілерінде де дәл осындай жағдай. Барлығы жиналып, зауыт басшылығына жағдайларын айтумен келеді. Тіпті Жетісу аудандық әкімдігіне де бірнеше рет арызданған.

Бетон шығаратын зауыт өкілдерінің өз уәжі бар. Өндіріс барлық экологиялық талапқа сай жұмыс істейтін көрінеді. Биыл аудандық санитарлық қызмет пен Экологиялық бақылау департаментінің өкілдері бетон зауытына екі рет тексеріспен барып, ешқандай заңбұзушылық таппаған сыңайлы.

Мұрат Нұрдәулетов, бетон зауытының бас инженері:

- Бізде бәрі заңды, ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ. Сағат түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істейміз.

Бірақ күніне 700 текше метр бетон шығаратын зауыттан қоршаған ортаға ешқандай зиянды қалдық шықпайды дегенге сену қиын. «Келеңсіз жағдайға тап болдық» деген тұрғындар енді тәуелсіз экологиялық сараптаманың көмегіне жүгінбек. Егер жағдай түзелмесе, сотқа арызданамыз дейді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов