Хабар телеарнасы

Алматыдағы М.Лермонтов атындағы театр жаңа маусымын ашады

Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 88-маусымын Ермек Тұрсыновтың «Жили-были» қойылымымен ашпақ. Театр тарихында дәл осындай жағымсыз кейіпкері жоқ қойылым бұрын-соңды болмаған. Жылы естеліктерге толы премьера көрерменді өткен күндерге жетелейді.

Премьера алдындағы соңғы дайындық. Актерлер мен режиссердің толқынысын түсінуге болады. Себебі көрермен алдына шықпағалы көп уақыт өтті. Пандемияға байланысты жаңа маусымның ашылуы да кейінге шегерілген болатын. Ермек Тұрсынов жаңа қойылымда мамыражай өткен уақытты өзек етіп алған. Автор қарапайым, адал еңбек адамдары өмір сүрген 70-жылдарды көрермен көз алдына әкеледі.

Роман Жуков, режиссёр:

- Қойылымның жанры ерекше. Мұндай спектакль біздің театрда болмаған. Шығарма авторымен бірге жұмыс істеу режиссер үшін керемет мүмкіндік. Бұл ретте менің жолым болды. Ермек әр дайындықта бізбен бірге отырды. Оның көңілінен шықты. Біз оның ойындағысын сахнаға шығардық. Автордың мақұлдауы – ең басты меже.

Спектакль бірнеше новелладан тұрады. Әрқайсысында жеке адамдардың түрлі оқиғасы көрініс тапқан. Олардың бәрі ауыл адамының күнделікті тіршілігіне тоғысқан. Қойылым көруге жеңіл. «Бірақ бұл – орасан еңбектің нәтижесі», – дейді театр ұжымы.

Камила Ермекова, М.Лермонтов атындағы драма театрының актрисасы:

- Қойылымда Биязгүлді ойнаймын. Ол – Нұртайдың әйелі. Новеллалардың бірінде сиырмен байланысты эпизод бар. Сол жері маған қатты ұнап, қойылымнан рөл бұйырса екен деп едім. Ол арманым да орындалды. Бірнеше айдан бері тер төккен спектакльдің сахнаға шығатынына қуаныштымын.

Сергей Попов, М.Лермонтов атындағы драма театрының артисі:

- Ең бастысы біз көрерменді сағындық. Көрермен қошеметін, құрметін сағындық. Актерді көрерменсіз елестету қиын.

Алматылық журналистер жаңа қойылымды бірінші болып тамашалады. Ал 15 қазаннан бастап театр барлық көрерменіне есігін айқара ашады. Дегенмен карантин талаптарына байланысты залдағы көрермен саны 50% аспауы тиіс. Ал алыстағы көрермен үшін жаңа қойылым «EL ARNA» телеарнасынан алдағы уақытта көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Шапағат Куатбекова, Сержан Жумабаев